Нұр-Сұлтан қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықова астанада қандай жағдайда карантин тәртібі қайта енгізілуі мүмкін екенін айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Өткен аптада қалада коронавирус жұқтырудың өсімі 7 пайызды көрсеткен еді. Осы көрсеткіш елордадағы карантин шараларын алып тастаудың алғашқы кезеңін бастауға жол ашты. Ендігі кезекте екінші аптада өсім 5 пайыздан аспауы тиіс. Егер аталмыш көрсеткіштен асып кетсе, карантин шараларын күшейту, тіпті бұрынғы талаптарды қайтару мәселесін қарастыруымыз мүмкін. Карантинді жеңілдетудің басты талаптарының бірі – аурудың тіркелуінің азаюы. Қала тұрғындарын тағы бір мәрте қауіпсіздік талаптарын сақтауға шақырамыз. Талаптардың бәрін сақтасақ, ауру өсімі болмайды», - деді Сәуле Қисықова ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.
Өз кезегінде қалалық жергілікті полиция қызметінің бастығы Ғұсман Жакин де қала халқын қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырды.
«Коронавирус инфекциясы жаппай таралып кетсе, қатаң шаралар қабылдануы мүмкін. Себебі қала тұрғындары мен меймандар мәселеге жіті мән бермей отырған секілді. Комиссия шешімімен шектеу шараларының легі алынып жатқаны белгілі. Тұрғындар комиссияның шешімін орындауы тиіс», - деді ол.