Нұр-Сұлтан қаласының қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықованың айтуынша елордада коронавирус инфекциясы алғаш тіркелген сәттен бастап 48 нысан карантинге жабылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Елордада коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу үшін бірқатар шара қабылданып жатыр. Сондай шаралардың бірі – медицина қызметкерлерін қаланың қонақ үйлеріне орналастыру. Қазіргі уақытта 692 медициналық қызметкер қонақ үйлерде. Демалғаннан кейін қайтадан бәрі жұмысқа барады», - деді Сәуле Қисықова «Хабар 24» арнасында онлайн режимде өткен баспасөз мәслихатында.
Басқарма басшысы келтірген мәліметке сәйкес, қалада коронавирус жұқтырған азаматтармен байланыста болған 4 129 адам анықталған. 309 вирус ошағында дезинфекциялық жұмыстар жүргізілген.
«Қалада коронавирус инфекциясы алғаш тіркелген сәттен бастап 48 нысан карантинге жабылды. Олардың ішінде тұрғын үй кешендері, әкімшілік мекемелер мен өзге де нысандар бар. Олардың ішінде 26 нысанда карантин аяқталды. Бүгінгі күні 22 нысан әлі карантинде. Карантинге жабылғандардың ішінде - айтуынша «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы да бар», - деді ол.
Басқарма басшысы сонымен қатар қаланың жекелеген бөліктерінде шектеу енгізу туралы қаулы шыққанын айтып өтті.
«Қалада 9 үй карантин қоршауына алынды. Карантиндік аумақтарда бүгін әскерилермен бірге 200-ге тарта адам дезинфекция жұмыстарын жүргізді. 2 800 үйде де дезинфекция жасалды. Эпидемиологиялық ахуал бақылауда», - деп түйді Сәуле Қисықова.
Айта кетсек, бұған дейін Сәуле Қисықова елордада қазіргі таңда коронавирус инфекциясын жұқтырған 9 адам ауыр халде жатқанын мәлім еткен еді.