12 мам, 2020 сағат 14:18

Нұр-Сұлтан сауда орталықтарында санитарлық тексеріс қайта басталады

Қазақстанда төтенше жағдай режимі аяқталғаннан кейін сауда нысандарында санитарлық тексеріс жұмыстары басталады. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының бас санитар дәрігері Жанна Пралиева мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Карантин уақытында сауда нысандарына жүргізілетін жоспарлы және жоспардан тыс тексерулер тоқтап қалған еді. Біз қазір шектеу шараларының режимін сақтау аясында тек мониторинг жүргізіп отырмыз», - деді Жанна Пралиева онлайн режимдегі баспасөз мәслихаты барысында.

Оның айтуынша, жақында сауда нысандарында санитарлық тексеріс қайта басталады.

«Төтенше жағдай режимі кезінде сауда нысандарына қатысты 476-бапқа сәйкес әкімшілік шараларды қолданып келдік. Қазіргі уақытта прокуратура органы, атап айтқанда Бас прокуратураның есеп және бақылау статистикасы бойынша арнайы уәкілетті органы мен біздің комитет сауда нысандарын ары қарай жандандыру мәселесін шешіп жатыр», - деді Жанна Пралиева.