23 қыр, 2020 сағат 11:55

Нұр-Сұлтан мен Мәскеу арасындағы әуе қатынасы жанданатын болды

«Air Astana» әуе компаниясы Ресеймен арадағы тұрақты рейстерді қалпына келтіреді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Әуе компаниясының Нұр-Сұлтаннан Мәскеуге (Домодедово) тікелей рейстері 2020 жылдың 26 қыркүйегінен бастап аптасына бір рет - сәрсенбі күндері (Boeing 767 лайнері) жасалады.

Нұр-Сұлтаннан ұшақ сағат 21.40-та ұшып шығып, Мәскеуге 22.15-те жетеді.

Мәскеуден ұшақ 23.15-те ұшып, Нұр-Сұлтанға сағат 05: 35-те ұшып келеді.

«Әзірге бұл рейске тек Қазақстан мен Ресей Федерациясының азаматтары және ҚР-да тұруға ықтиярхаты бар адамдар қабылданады. Мәскеуге баратын қазақстандықтар сауалнамадан өтіп, қолында рейстен әрі кеткенде 3 күн бұрын жасалған коронавирус жұқтырмағаны туралы ПТР-тестінің анықтамасы болуы керек. Еңбек ету мақсатымен баратын азаматтар екі апта ішінде үйдегі карантинде отыруы тиіс», - деп хабарлайды «Air Astana» әуе компаниясынан.

Мәскеуге баратын Ресей азаматтары билет сатып алғанымен, рейске тіркелуге дейін «Мемлекеттік қызметтер» порталында сауалнама толтыруы керек. Оған қоса 72 сағат ішінде Ресей азаматтары коронавирус бар-жоғын анықтайтын ПТР-тестіден өтіп, нәтижесін «Мемлекеттік қызметтер» порталына салып қоюы керек.

Ресейлік жолаушылар Қазақстанға келгеннен кейін 48 сағат ішінде коронавирус тексеретін тестіден немесе 14 күндік үйдегі карантиннен өтуі тиіс. Егер Қазақстанға кіргенде осындай анықтаманы алғанына 5 күн өтпеген жағдайда, оны Қазақстанда қайта алдырудың қажеті жоқ. Үшінші елдерге Мәскеу арқылы транзитке уақытша тыйым салынған. 

Еске сала кетсек, бұған дейін Сыртқы істер министрлігі қазақстандықтар ұшып бара алатын мемлекеттердің тізімін жариялаған еді. Ол елдердің қатарында Беларусь, Біріккен Араб Әмірліктері, Германия, Мысыр, Нидерланд Корольдігі, Корея Республикасы, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркия, Украина және Ресей бар.