27 нау, 2020 сағат 13:07

Нұр-Сұлтан мен Алматыда көптеген кәсіпорынның жұмысы тоқтатылады

Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында 30 наурыз бен 5 сәуір аралығында кәсіпорындар мен ұйымдардың жұмысы уақытша тоқтатылады. Бұл туралы primeminister.kz хабарлады.

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен ҚР Президенті жанындағы Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның селекторлық отырысы өтті. 

Еліміздегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдай туралы денсаулық сақтау министрі Е. Біртанов, Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларындағы ахуал туралы әкімдер А. Көлгінов пен Б. Сағынтаев баяндады.

Мемлекеттік комиссия коронавирустық инфекцияның таралуын шектеу мақсатында Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында биылғы 30 наурыз бен 5 сәуір аралығында орталық мемлекеттік органдар, әкімдіктер, құқық қорғау органдары, денсаулық сақтау ұйымдары, БАҚ, азық-түлік дүкендері, дәріханалар мен тіршілікті қамтамасыз ету ұйымдарын қоспағанда, меншік түріне қарамастан барлық кәсіпорындар мен ұйымдардың жұмысын уақытша тоқтату туралы шешімді бекітті. Толық тізім қалалардың әкімдіктерімен келісе отырып анықталады.

26 наурыз кешкісін Нұр-Сұлтанда бір әйел адам Covid-19 дертінен қайтыс болды. 25 наурызда Алматыда бір, Нұр-Сұлтанда бір науқас дертінен айыққан еді.

Қазақстанда коронавирусқа байланысты 15 сәуірге дейін төтенше жағдай. 19 наурыздан бастап Алматы мен Нұр-Сұлтан қалалары карантинге көшті.

Ал 28 наурыздан бастап елдегі ірі үш қалада - Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкентте шектеулер күшейеді:

  • Енді үш қаладағы жұрт жұмысқа, азық-түлік және дәрі алуға ғана шыға алады.
  • Парк, жаяу жүргіншілер көшесі, жағалаулар, ойын алаңдары жабылады.
  • Қоғамдық көліктердің жұмысы шектеле бастайды.
  • Қоғамдық орындарда үш адамнан артық жиналуға болмайды. Бұл шектеудің бір отбасының адамдарына қатысы жоқ.
  • Балалар ересектерсіз көшеге шығуға тыйым салынады.

28 наурыздан бастап Шымкентте теміржол вокзалы, әуежай жұмысы тоқтайды, қоғамдық көлік жұмысына шектеу қойылады. 

Қазақстанда қазір 124 адамға вирус жұққаны анықталды: Алматыда - 48 адам, Нұр-Сұлтанда - 61 адам, Қарағандыда - төрт адам, Жамбыл облысында - үш адам, Шымкентте - екі адам, Алматы облысында - бір адам, Ақтөбе облысында - бір адам, Солтүстік Қазақстан облысында - бір адам, Атырау облысында үш адам.

Өткен жылдың соңында Қытайда алғаш рет тіркелгелі бері әлемде коронавирус жұқтырғандар жарты миллионға жуықтап қалды. АҚШ-тағы Джон Хопкинс университетінің дерегінше, 27 наурызда әлемде вирус жұқтырғандар 530 мыңнан асты. 24 мыңнан аса адам қаза болып, 120 мыңнан астам науқас дерттен айықты. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Covid-19 коронавирусын "пандемия" деп жариялаған.