16 сәу, 2019 сағат 14:14

«NUR Media» холдингіне жаңа басшы тағайындалды

«NUR Media» холдингіне жаңа басшы тағайындалды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" холдингтің баспасөз қызметіне  сілтеме жасап.

Бүгін «Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев «NUR Media» ұжымына холдингтің жаңа бас директорын таныстырды. Ол - белгілі журналист Әлия Бөриева.

Еңбек жолын Шымкенттегі «Отырар» телеарнасынан бастаған. Әр жылдары КТК, Qazaqstan және «Астана» телеарналарында, түрлі мемлекеттік органдардың баспасөз қызметтерінде жұмыс істеген.

2006 жылдан бастап Әлия Бөриева «Nur Otan» партиясы орталық аппараты мен «NUR Media» холдингінің құрылымында басшылық лауазымдарды атқарды.

Бүгін «Nur Otan» партиясы Орталық аппаратының баспасөз қызметінің басшысы лауазымына Максим Споткай тағайындалды. Ол бұған дейін партия медиа-холдингі бас директорының орынбасары болған.

«Осы тағайындаулар партияның ақпараттық саясатын одан ары күшейтуге игі әсер етеді деп сенемін. Біз бірге «Nur Otan» партиясын ашық, нәтижелі, 21 ғасырдың инновациялық саяси ұйымына айналдыруға тиіспіз. Әріптестеріме сәттілік және шығармашылық табыстар тілеймін», - деді Мәулен Әшімбаев.