04 қыр, 2020 сағат 09:04

NUR ALEM болашақ энергиясы мұражайы жұмысын қайта бастайды

7 қыркүйекте елорданың ең танымал көрікті жерлерінің бірі - NUR ALEM сферасы келушілерге есігін айқара ашады. Мұражай жұмыс күндері сағат 10.00-ден 20.00-ге дейін үзіліссіз жұмыс істейді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Елорда тұрғындары мен қонақтары NUR ALEM-ге келгенде коронавирус инфекциясы таралмас үшін санитарлық талаптарды ұстануы қажет. Келушілер медициналық маска киіп, әлеуметтік қашықтықты сақтауы тиіс. Мұражайға кірген кезде келушілердің дене қызуы арнайы құрылғымен өлшенеді, сонымен қатар объектіде антисептик пен санитайзер орнатылған. 

Мұражайға келушілерді сфера пішінді бірегей ғимараттың сегіз қабаты бойынша қызықты экскурсиялар күтеді. Бірінші деңгейде «Ұлттық павильон» орналасқан, онда Қазақстанның ландшафтары, мәдениеті, тарихы, бүгіні мен болашағы көрсетілген. 

2-7 қабаттарда келушілер ғарыш, күн, жел, су, биомассалар мен кинетикалық энергияға арналған экспозициялармен таныса алады. Мұнда бөгеттің көркемдік қондырғылары, кинетикалық энергияға қатысты тарихи артефактілер ұсынылған. 

Жел аллеясында келушілер желдің әртүрлі жылдамдығын сезіне алады. Ең жоғарғы қабатта туристердің назарына Қазақстан астанасының болашағын көрсететін экспозиция ұсынылады. 

Қаланың мүсін моделі тұрақты даму мен экологиялық тиімділікті сипаттайды. Сондай-ақ барлық қабаттарда робот-гидтер жұмыс істейді.

Еске сала кетейік, мұражайға бір рет кіру билетінің бағасы - 1500 теңге.

ҚР азаматтарының белгілі бір санаттары үшін жеңілдіктер қарастырылған: оқушылар мен зейнеткерлер үшін билет құны - 500 теңге, студенттер үшін – 800 теңге. 

ҰОС ардагерлері, барлық топтағы мүгедектер, жетім балалар, көпбалалы аналар және 6 жасқа дейінгі балалар NUR ALEM-ге тегін кіре алады. Азаматтар өзімен бірге жеке куәлік пен жеңілдікті растайтын құжат ала келуі керек.

Келушілерге ыңғайлы болуы үшін NUR ALEM болашақ энергиясы мұражайында 3 мың көлікке арналған жерасты тұрағы тәулік бойы жұмыс істейді.