Нидерландының дәмханалары мен барлары түн ортасында жабылады, ал түнгі клубтардың жұмыстары тоқтатылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Бұл шаралар Нидерландыда COVID-19 жұқтыру жағдайлары бір күнде жеті есеге көбейгеннен кейін енгізіліп отыр. Инфекция жұқтырғандар саны тәулігіне 7 мыңға жетті, науқастардың басым бөлігі – 30 жасқа дейінгі адамдар.
Ел премьер-министрі Марк Рюттенің айтуынша, үкімет тарапынан тиісті араласу болмаса, коронавирустың таралу жылдамдығы өсе бермек.
«Біздің мақсатымыз – денсаулығы осал адамдарды қорғап, оларды медициналық қызмет көрсетумен қамтамасыз ету, сонымен қатар экономика мен қоғамға барынша аз шығын келтіру», - деді М. Рютте.
Дегенмен Нидерландта маска тағу міндетті етілмеді. Тұрғындар тек қоғамдық көліктерде ғана маска тағуға міндетті.
1,5 метрлік әлеуметтік арақашықтық Нидерландтың барлық қонақ қабылдау секторында талап етіледі. Міндетті тестілеу театр және спорттық стадиондар сияқты қоғамдық орындарға бару үшін керек болады.