17 қар, 2020 сағат 14:35

«New Music Generation 2020»: Композиторлар конкурсының 2-күні қалай өтуде

Елордада 16-21 қараша аралығында «New Music Generation 2020» ІІ Халықаралық композиторлар конкурсы өтіп жатыр, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат". 

«Бүгін, 17 қарашада конкурстың екінші күнінде үш аталымда, үш жас санаты бойынша партитураларды қарау өтіп жатыр. Кешке қарай қорытынды жиып өтіп, онда бүгінгі партитураларды қарау қорытындысы талқыланады. Содан кейін қазылар алқасының мүшелері өз кесімдерін шығарып, ол хатталады. Конкурс нәтижелерін жұма күні жария ете аламыз. Ертең Өнер университетінің Орган залында өтетін конкурс аясындағы концертке дайындаламыз», - деді Қазақ ұлттық өнер университеті халықаралық ынтымақтастық және шығармашылық қызметінің жетекшісі Еркебұлан Рахымов. 

Оның нақтылауынша, қарау және тыңдау қарашаның 16-сы мен 17-сі аралығында өтіп жатыр. Конкурсқа қатысушы композиторлар өз туындыларын жазып, оны ұйымдастыру комитетінің электронды мекенжайына жібереді. Нәтижесі 20 қараша жарияланады. 

Конкурс келесі номинацияларда өткізіледі: 

«Симфониялық туынды» (солистпен немесе солистермен, оның ішінде вокалистермен немесе вокалистерсіз); 

«Камералық шығарма» (соло аспаптан бастап солистердің үлкен ансамбліне дейін); 

«Вокалдық шығарма» (әншілердің саны шектелмеген, аспаптық сүйемелдеумен немесе сүйемелдеусіз). 

Конкурсқа үш жас тобы бойынша композиторлар қатысады: 

Бірінші топ - 15 жасқа дейін; 

екінші топ – 15 жастан 25 жасқа дейін; 

үшінші топ – 25 жастан 35 жасқа дейін. 

Конкурсқа әлемнің 22 елінен (Қазақстан, Франция, Германия, Италия, Испания, Австрия, Бельгия, Чехия, Қытай, Аргентина, Чили, Филиппин, Румыния, Греция, Сербия, Жаңа Зеландия, Финляндия, Ресей Федерациясы, Украина, Беларусь, Молдова, Литва), 160-тан астам партитура, 98 конкурсант ұсынылды. 

Қазылар алқасы мүшелерінің партитураларды қарауы алғаш рет онлайн өткізілуде.