04 нау, 2018 сағат 20:34

Несие алу қайда шарықтап барады?

Экономикалық дамудың жазылмаған заңдылықтарының бірі – банктердің заңды тұлғаларға несие беруі жеке тұлғаны несиелендіруден үнемі артық, өсімі де жоғары болу керек. Сонда даму қалыпты жағдайда деп бағаланады.

Ал біздегі жағдай керісінше болып отыр. Атап айтқанда, 2017 жылдың қорытындысына қарағанда заңды тұлғаларға берілген несиелер 5,8 пайызға қысқарған. Ал жеке адамдарға берілген несиелер 12,4 пайызға артқан. Абсолютті көлемін айтсақ, компанияларға берілген несиелер 500 млрд. теңгеге төмендеген де, ал халыққа берілген несиелер сонша көлемге артқан.   

Бұл ненің белгісі? Бұл – өндіруді емес, тұтынуды несиелендіру өсіп отыр деген сөз. Яғни, экономиканың дамуы тоқыраған. Алынған несиелер отандық емес, негізінен шетелдік бұйымдарды сатып алуға жұмсалатынын ескерсек, бұл бағаның өсіміне және өндірістің даму мүмкіндігінің төмендеуіне соқтыратын тенденция.   

Оның үстіне, жеке тұлғаларды несиелендірудің өсімі ішкі жалпы өнімнің (ІЖӨ) небары 4 пайызға ғана артуы мен азаматтардың шынайы табысының 2,5 пайызға төмендеуі жағдайында орын алып отыр. Әлемдік тәжірибеде мұндайда керісінше болады. Несиелендірудің өсімі халықтың қаржылай  табысының және жалпы экономиканың өсіміне сәйкес болуы керек еді. Ал Қазақстандағы халықты несиелендірудің 12 пайызға ұлғаюы - өмір сүру деңгейін қалыпты жағдайда ұстап тұру үшін халық тұтынушылық несиеге жүгінуге мәжбүр дегенді көрсетіп тұр. Яғни халық өздерінің төмен табыстарын несие алу арқылы толтыруда... Бұл жақсылыққа соқтырмайтын жайт.

2017 жылдың соңында жеке тұлғаларды несиелендіру бойынша орташа сыйақы мөлшерлемесі 21 пайызға жетті. Бұл банктердің тұтынушылық несиелендіруді жоғары табыс табудың  көзіне айналдырып алғанын да көрсетіп тұр. Тәжірибе көрсетіп отырғандай, мұндайдың зардабын негізінен қоғамның табысы төмен бөлігі тартады. 

Елімізде банктік несиелендіруден басқа онлайн-несиелендіру де қарқынды жүріп жатыр. Ол 350 пайызға өскен және оны  ешкім реттемейді. Бұл займдар бойынша сыйақы өте жоғары, жылдық үстемақы шамамен 700 пайызды құрайды. 

Осы мәселелерді Мәжілістің пленарлық отырысында баяндаған депутат Айқын Қоңыров бастаған депутаттар Премьер-Министрдің атына сауал жолдап, мұндай мәселенің ұзаққа кетпеуі тиіс екенін жеткізді. Борышты қайтару бұқаралық мәселеге соқтырып, әлеуметтік шиеленіске соқтыруы мүмкіндігі көрсетіліп, Үкіметке уақыт оздырмай несиелендіру нарығында азаматтарымыздың құқығын қорғау бойынша кешенді шара қабылдау қажеттігі ұсынылды.  

С.ЕЛЕУ, сарапшы