05 қаң, 2026 сағат 11:34

«Не айтылғаны қызық емес»: Тоқаев Назарбаев пен Путиннің кездесуіне пікір білдірді

Фото: видеодан скриншот

Қасым-Жомарт Тоқаев «Turkistan» газетіне берген кең көлемді сұхбатында Жаңа жыл қарсаңында Кремльде Тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Ресей басшысымен тағы да кездесуіне байланысты пікір білдірді, деп хабарлайды Ult.kz.

"Тұрақты түрде өткізіліп жүрген кездесулер бейресми сипатқа ие. Мұны Ресей президентінің өзі де атап өтеді. Таяуда өткен Санкт-Петербургтегі басқосуда Владимир Путин маған Нұрсұлтан Назарбаевты оның өтініп сұрауы бойынша қабылдайтынын айтқан еді. Ресей президентінің ерекшелігі: ол достарымен және әріптестерімен жылы қарым-қатынас құра біледі. Жұмысы өте қарбалас болса да, сенбі күні Қазақстанның Тұңғыш президентімен асықпай әңгімелесуге уақытын бөлді. Ол Нұрсұлтан Назарбаевты Еуразиядағы ықпалдастық үдерісінің бастауында тұрған тәжірибелі саясаткер ретінде бағалайды. Ресей бұл үдерісте жетекші рөл атқарып отыр. Кремльдегі кездесу Владимир Путиннің адамгершілігі жоғары екенін көрсетеді. Ондай әңгімелер барысында не айтылғаны маған қызық емес, бұл туралы ешқашан сұрақ қоймаймын", - деп жауап берді Мемлекет басшысы.


Осыдан кейін Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке басына қатысты өз пікірін білдірді.

"Мен оны қазіргі қазақ мемлекеттігінің негізін қалаған тұлға деп санайтынымды бірнеше рет айттым. Оның мемлекеттік институттарды және экономиканың нарықтық тетіктерін құру, жаңа астанамызды салу жолындағы еңбегін бәрі біледі. Өзіңізге мәлім, біз Қазақстанды Әділдік, Заң және Тәртіп орнаған ел еткіміз келеді. Сондықтан, ешкімді алаламай, әр азаматтың еңбегін әділ бағалау керек. Бұл еліміздің Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа да қатысты", - деді Президент.


Президентке билік транзиті туралы да сұрақ қойылды.

"Бұл жөнінде сөз қозғауға әлі ерте, алдымызда табанды жұмысқа толы бірнеше жыл бар", - деп жауап берді Тоқаев.


Айта кетейік, Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи Тұңғыш президенттің елден шығуын шектеуді ұсынған еді.