11 мам, 2023 сағат 12:07

Назарбаевтың туыстары қалай байығаны тексерілуі керек пе – Әшімбаевтың жауабы

Фото: Reuters агенттігі

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың туыстары қалай байығанын тергеу мәселесіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлады Halyq Uni сайты.

Сенаттың жалпы отырысынан шыққан палата төрағасы журналистердің экс-президенттің туыстары жайлы сауалына жауап берді. БАҚ өкілдерінің қойған сұрағы мынадай:

- Forbes Қазақстандағы ең бай адамның тізімін жаңартты. Онда ҚР экс-президентінің қызы Дариға Назарбаева, Тимур және Динара Құлыбаевтар, Болат Назарбаевтың ұлы Нұрбол да бар. Осы адамдардың қалай байығаны тергелуі керек пе?

Мәулен Әшімбаев мәселе заң аясында шешілу керегін атап өтті.

"Сіз айтқан ақпаратты көрмедім. Мұндай мәселенің бәрі заң аясында шешілуі керек. Біз – демократия жолындағы қадамдарымызды жүзеге асырып жатқан мемлекетпіз, әлі көптеген мәселе бар. Бірақ біз осы жолда біраз жетістікке жетеміз деп сенеміз. Осының бірден бір шарты – құқықтық жүйені дамыту, құқықтық мемлекет құру. Кез келген мәселе заң аясында қаралып, шешілуі керек, әрі кез келген мәселеге байланысты біз заңға жүгінуіміз қажет. Сондықтан сіз айтқан мәселе заң аясында шешілуге тиіс", - деді Сенат спикері.