Қазақстанның Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Жапонияның императоры Нарухитоның таққа отыруына арналған ресми шараға қатысып жатыр, – деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».
177 елдің делегациясы қатысып жатқан салтанатты шара Император сарайының «Matsu-no-Ma» мемлекеттік залында өтуде. Залға алдымен император Нарухито кіріп, таққа отырды. Іле-шала оның жұбайы патшайым Масако залға өтіп орнына жайғасқаннан кейін мәртебелі меймандар орындарынан тұрып, императорға құрмет көрсетті.
Жалпы император Нарухитоның таққа отыруына арналған салтанатты шараға Швеция, Есватини, Лесото, Камбоджа, Бутан, Тонго, Нидерланды, Испания, Бельгия, Малайзия корольдері, Түрікменстан, Қырғызстан, Того, Нигер, Финляндия, Венгрия, Кения, Бангладеш сынды елдердің Президенттері келген.
Нарухито мамыр айынан бастап билікті өз қолына алғанымен, Хризантема тағына ресми түрде бүгін отырады. Аталған күн елдегі билік ауысуын реттейтін ежелгі жапон жыл санағына сәйкес таңдалған. Мерекені атап өту үшін жапон халқына 22 қазанда біркүндік демалыс берілді.
1989 жылдың 7 қаңтарында Жапонияның мұрагер ханзадасы ретінде ресми жарияланған Нарухитоның бірқатар ұлттық және шетелдік наградасы, сонымен қатар Оксфорд университетінің докторы сынды құрметті атақтары бар.