06 сәу, 2021 сағат 12:02

Тоқаев неге қазақстандық БАҚ-қа сұхбат бермейді - Баспасөз хатшысының жауабы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сөздің емес істің адамы. Мұндай пікірді «Хабар 24» телеарнасының «Сұқбат» бағдарламасында ҚР Президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Отандық БАҚ-қа сұқбат бермейді дегенмен келіспеймін. Өйткені, өздеріңіз білесіздер, Ана тілі, Егемен Қазақстан газеттеріне, мерзімді басылымдарға сұқбат беріп жүр. Сұқбатқа келгенде көп адамдар дұрыс түсінбей жатады. Жалпы, Президент көп сұқбат беріп, сөйлеп, пікір алмасқаннан гөрі істің адамы. Көп жағдайда сөзден гөрі іске ден қойып, тапсырмалар беріп, оның орындалуын қадағалап отырады. Ал телеарнаға келер болсақ, жалпы ол ойда бар. Алдағы уақытта сұқбат береді», - деді Берік Уәли.

Осы орайда Уәли көрші Қытай елінің төрағасын мысалға келтірді.

"Шығыстағы көршіміз Қытайдың төрағасы Си Цзиньпин мырза былтыр коронавирус өршіп, ошағы Қытайда пайда болған кезде, бір жылдың ішінде халықтың алдына екі-ақ рет шыққан шығар. Ол бір рет халық алдына шығып, індетпен қалай күресіп жатқанын, Қытайдың ұстанымын айтты, болды. Қайта-қайта жылтыңдап, сұқбат беріп, журналистер алдына шыққанын көрген жоқпыз. Әлі де олай емес", – деді ол.

Айтуынша, халық Президентті көбінесе Ресей, Еуропа елдерінің мемлекет басшыларымен салыстырады. Десе де Уәли Қазақстан өз алдына тәуелсіз ел екенін, өз жолы болуы керек екенін атап өтті.

"Баспасөз хатшысы ретінде өз ойым – Мемлекет басшысы сұхбат бергеннен гөрі облыс әкімдерінен, салалық министрлер мен агенттік басшыларынан жұмысты көбірек талап етуі керек деп ойлаймын. Ал енді әр нәрсеге президентті араластыра берсек, президенттің басқа да жұмыстары бар. Шенеуніктердің атқарып жатқан жұмысын қадағаласа, халыққа сол тиімді болады деп ойлаймын", – деді Уәли.

Айтуынша, Тоқаев алдағы уақытта телеарнаға сұхбат беруді жоспарлап отыр.

Сондай-ақ Президенттің баспасөз хатшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік желілерде өзі отыра ма деген сұраққа да жауап берді.

"Әрине, өзі бақылайды, өзі жүргізеді. Бізде елдің арасында кез келген мемлекеттік лауазымды тұлғаның әлеуметтік желісін көмекшілері, болмаса баспасөз қызметі жүргізеді деген қасаң пікір бар. Жоқ, мемлекет басшысы кез келген твитті өзі қадағалап, өзі жазып, халыққа өзі ұсынып отыр десек, еш қателеспейміз", – деді баспасөз хатшысы.