20 сәу, 2021 сағат 14:00

Байбек: "Жер – қазақ халқы үшін қасиетті ұғым"

Nur Otan партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Алматыдағы «Қазақфильм» АҚ-на тиесілі «даулы» жер бөлігіне қатысты пікірін айтты. Бұған дейін қоғам белсендісі Жанболат Мамай аталған телімді Б.Байбек өзі иемденіп алды деген ақпарат таратқан болатын.

Алматы қаласы экс-әкімінің айтуынша, ол жерде этно-ауыл құрылысы басталуы керек болған. Алайда, кейін жоба жүзеге аспай, 5,5 гектар жер мемлекеттің меншігінде қалдырылған.

«Белсенді Жанболат Мамайдың видеоролигінің көп бөлігі менің Алматы әкімі ретіндегі қызметіме арналған. Жерді иемденіп алды деген сыңайлы түрлі айыптау айтылып жатыр. «Жер бар жерде дау бар» - дейді ғой. Жер – қазақтар үшін қасиетті ұғым, біз үшін жер мәселесі өте маңызды екенін баршамыз білеміз», - деді Бауыржан Байбек блогер Тәңірберген Бердоңғаровқа берген сұхбатында.

Ол «Қазақфильмнің» Кеңес Одағы кезінде құрылғанын және 17 гектар жері бар, 100 пайыз мемлекеттік кәсіпорын екенін еске салды. Аумақтың жартысында киностудия ғимараты орналасса, екінші жартысында декорациялар жасалып, түсірілім жүргізіледі.

«Этно-ауыл салу туралы идея «Қазақфильм» басшылығының өзінен түсті, контейнерлерді өзіміз жеткіземіз деді. Қала өз қаржысына этно-ауыл сала алады ма деген мәселе де тұрды. Осындай талқылаулардан кейін «Қазақфильмге» тиесілі 5,5 гектар жерге этно-ауыл салу туралы шешімге келдік. Жобаны әкімдік қаржыландырып, дайын болғанда Мәдениет басқармасының меншігіне өткізуі тиіс болған», - дейді партия Төрағасының бірінші орынбасары.

Алайда, қалада билік ауысқаннан кейін жоба белгісіз себептермен жүзеге аспай қалыпты. Ал, оған қарастырылған жер телімі мемлекеттің меншігінде қала берген.

«Айтқым келетін бір мәселе, Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасында Алматыдағы бірнеше нысан киелі жерлер картасына енді. Олар: Тәуелсіздік монументі, Вознесенск кафедралы шіркеуі, Райымбек батырдың кесенесі және Боралдай сақ қорғандары. Біз осы нысандармен айналыстық. Мысалы, Қайрат Боранбаев өз қаражатынан әкімдік алдына өте әдемі қоғамдық кеңістік жасады. Қазір онда балалар серуендеп, уақыт өткізеді. Сондай-ақ, ол өз ақшасына Тәуелсіздік монументін абаттандырды», - деді Байбек.

Ол Алматыда қызмет еткен жылдары қаланы дамтыудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы қабылданғанын, оның негізгі бағыттарының бірі – туризмді дамыту болғанын еске салды. Нәтижесінде жыл сайынғы туристер саны 10%-ға ұлғайып, 2018 жылы шетелден келетін туристердің саны 35 пайызға өсті. Бүгінде Қазақстанға келген әрбір екінші турист міндетті түрде Алматыға соғады.