27 мам, 2025 сағат 12:41

Назарбаев мектебіндегі дау: Оқу-ағарту министрлігі мәлімдеме жасады

Фото: ашық дереккөз

Назарбаев мектебінде болған дауға байланысты Оқу-ағарту министрлігі ресми мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Ult.kz.

Алматыдағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде бақылау кезінде оқушы емтихан аудиториясына телефон алып кіріп, ережені бұзған. Мұғалім оның жұмысын жарамсыз деп танып, құрылғыны тәркілеген. Сол сәтте оқушы мұғалімге дөрекі сөздер айтқан. 23 мамырда педагогикалық кеңестің шешімімен оқушы мектептен шығарылды. Мұндай шешім оның ішкі тәртіп пен этика ережелерін бұзғаны үшін қабылданған.

Бұл жағдай тек мектеп ішінде емес, әлеуметтік желіде де қызу талқыға түсті. Бірі мектеп бітіріп жатқан түлектің болашағына балта шабу десе, басқасы оқушының әрекеті заңға қайшы екенін, мектептің шешімі дұрыс екенін айтты. 

Оқу-ағарту министрлігінің ресми өкілі Мереке Амангелдіқызы ұстаздың мәртебесі заңмен бекітілгенін, оның қоғамдағы рөлі айрықша екенін атап өтті.

"Мұғалім – жас ұрпақтың тәрбиешісі және жол көрсетушісі. Сондықтан ата-ана мен оқушы тарапынан оған құрмет көрсету – бұл адамгершіліктің белгісі. Білімге сенім – оны беріп отырған ұстазға сенуден басталады. Мұғалім беделіне нұқсан келтіру бүкіл жүйеге әсер етеді," – дейді ол.


Мереке Амангелдіқызы соңғы шешімді НЗМ басшылығы өзі қабылдайтынын жеткізді.

"Осы ретте Оқу-ағарту министрлігі педагогтің қадір-қасиетін төмендететін кез келген әрекетке қатаң сын көзқараспен қарайды. Сонымен қатар, бұл оқиғада оқушы өз қателігін түсініп, өкініш білдіріп отыр. Енді НЗМ бұл жағдайды тек ішкі тәртіппен ғана емес, сондай-ақ адамгершілік, кешірімділік пен нағыз ұстаздық ұстанымдарға сүйене отырып шешеді деп үміттенеміз. Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев бұл мәселеге өзі жіті назар аударып, тиісті тапсырмалар берді. Министрдің нұсқауына сәйкес аталған мәселемен Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің және аймақтық департаменттің өкілдері айналысады. Министр "НЗМ" басқарма төрағасы Әнуар Жанғозинмен сөйлесті. Басқарма төрағасы мәселені жеке қолға алғандығын, жағдайды жан-жақты қарап, не болғанын әділ бағалап, дұрыс шешім қабылдайтынына сендірді", – делінген хабарламада.