Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ақордада Түркия Республикасының президенті Реджеп Тайып Ердоғанды қабылдады. Ресми шарадан кейін президенттер екіжақты кездесу өткізді, деп xабарлайды Ұлт.кз тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.
"25 жылдың ішінде Қазақстан мен Түркия арасында ағайыншылық қарым-қатынастан басқа мәселе болған жоқ. Сіздің соңғы сапарыңыз кезінде біз экономика, екіжақты қарым-қатынас жөніндегі біраз мәселе бойынша келістік. Жасалып жатқан жұмыстар көп. Біздің өңірімізде өз проблемамыз бар, Сізде де бар. Соның барлығын кеңінен талқылап ақылдасуға бүгін мүмкіндігіміз бар. Сіз бен Путиннің сұрауымен Сирия мәселесі бойынша жұмыстар жүріп жатыр. 14-інде (қыркүйек - авт.) тағы бір кездесу болады", - деп атап көрсетті Нұрсұлтан Назарбаев.
Өз кезегінде Түркия басшысы қазақ xалқының, соның ішінде Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың аймақтық шиеленістерді шешу жолындағы ерен еңбегін ерекше атап өтті.
"Аймақтық мәселелерді шешудегі Сіздің, ақсақалымыздың, жеке бастамаларыңыз үшін ерекше алғысымды білдіремін. 14-інде болатын Сирия мәселесі бойынша Астана келіссөздері өте маңызды. Біраз жұмыстар аяқталды деп естігенмін. Енді, нақты бір нәтижеге келу керек. Құдай қаласа, осы қадамдардың жемісін Астанада көреміз. Осылайша, Женева процесі де жеңілдей түседі деп сенемін", - деді Ердоған.