«Назар аударыңыз – балалар!» іс-шарасы барысында ереже бұзудың 16 мыңнан астам фактісі анықталды. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Нұрділдә Ораз мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Мектеп демалысы қарсаңында, өткен аптада елімізде «Назар аударыңыз – балалар!» атты алдын алу іс-шарасы өтті. Бұл акцияның мақсаты – балалардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу. Аталған іс-шараның алғашқы үш күнінде жол қозғалысы ережелерін бұзудың 16 мыңнан астам жағдайы тіркелді. Оның ішінде: 1 223 факті жол қиылыстарынан өту ережелерін, 1 415 факті жаяу жүргіншілер өткелінен өту ережелерін бұзу. Балаларды тасымалдау ережелерін бұзуға қатысты 1 348 факті есепке алынды», - деді ол Ішкі істер министрлігінде өткен баспасөз мәслихаты барысында.
Сонымен қатар ресми өкіл полиция қызметкерлері жол және коммуналдық қызмет өкілдерімен бірлесіп, жалпы білім беру мекемелеріне іргелес жатқан аумақтарға жаяу жүргіншілер өткелдерін жол белгілерімен, арнайы таңбалармен, қоршаулармен және жол қозғалысын реттеудің басқа да техникалық құралдарымен жабдықтау бойынша 4 мыңнан астам тексеру жүргізгенін айтты.
«Тексеру нәтижелері бойынша уәкілетті ұйымдарға кемшіліктерді жою бойынша 1 704 нұсқама берілді», - деді Нұрділдә Ораз.