18 сәу, 2024 сағат 12:23

Абьюзстан елінен прогрессивті Қазақ Республикасына көшетін уақыт келді — блогер


Экономист, пиаршы, блогер Айбар Олжаев адамдарды бір-біріне масыл болмауға шақырды. Отбасында жаймашуақ гармония орнауы үшін адамдарда "сен ешкімге ештеңе қарыз емессін. Сен ештеңеге ештеңе үшін кінәлі емессің" деген түсінік орнауы керек.

Сөзбе-сөз:

Қазақстан абьюзерліктің шегіне жетті. Ары қарай құз. Соңғы барьер ретінде заң қабылдап отырмыз. Аюды таяқпен үйрету дегенді білдіреді.

Осының барлығы әйел анандай болу керек, мынау мынандай болсын дегеннен шықты. Көбіне ұнамайтын ащы шындық бар - расында ешкім ешкімге ештеңе қарыз емес. Ешкім ешкімнің нотациясын тыңдап, соған бола өзін кінәлі сезінуге міндетті емес. Бұл шындық әйелінің мойнына отырып алған абьюзер еркекке, еркектің балағына жабысып жатып алған абьюзер әйелге ұнамайды.

Кезінде әнтек жымиып "мен енді ешкімге ештеңе қарыз емеспін" деп салқынқанды айтқан фразам айналамда паника тудырған еді. Сен ешкімге ештеңе қарыз емессін. Сен ештеңеге ештеңе үшін кінәлі емессін. Осыны түсінген адамның отбасында басында бунт болса да, артынан кейін өзара жаймашуақ гармония орнайды деп сенемін.

Студент кезінде ағам үйленіп, үйге жеңге түсірді. Ауылдан марқұм апамдар келді. Мен әдетімше кешке қарай ішкі киімім мен шұлығымды жуып алайын деп ваннада шаруамды бітіріп отырсам, апам көріп, "ойбай жас келін, бала киімін жуып отыр деген не масқара" деп зарлағаны әлі есте. Еңгезердей азамат өз шұлығын өзі жуа алмаса, үлкендердің ойынша жумауы тиіс болса, бұл не деген дебилойдтар қоғамы деген ой сол кезде келген. 

Болашақ абьюзерлер, қолынан *** келмейтін *** осылай тәрбиеленгені анық. Бәрін басқа біреу істеп беру керек, бәрі саған қарыз, сен бәріне ренжіп, тіпті төмпештеп жүру керексің.

Пофигизм туралы көп оқығандықтан, дені сау пофигизмнің қоғам дертін емдей алар күшін байқадым. Сара Найт, Марк Мэнсон сынды авторларды іздеп көрсеңіз, көп мәселені шеше аласыз.

Сіз ешкімге ештеңе қарыз емес екеніңізді осы постты оқып түсінсеңіз, ертең таңертең қатты қуанып оянасыз. Күн сайын өмір сүру жеңілдей береді, жеңілдей береді.

Кешке тамақ болмаса трагедия емес, 12 минутта дайындай аламын. Ал бітпейтін негатив - ол проблема. Мен өз жүйкемді қатты қадірлеймін. 

"Әбіржіп кеткен, ренжіп жүрген әйел + үстел толған тамақ, таза үй" VS "Өзіне ұнайтын бизнесті дамытып жүрген, өз ортасы бар әйел + үйде не керек болса (тамақ, тазалық, үтіктелген киім) өзің жасап ал" системасында мен екінші нұсқаны таңдадым. 

Дені сау цинизм, пофигизм және индивидуализм - психологиялық түзу қарым-қатынасқа бастай алады деп ойлаймын.

Жастар кейде кеңес сұрайды. Қиналып, үйленіп, бір-біріңді ұрып өлтіргенше, қазір үйленбей ақ, өз жалақыларыңды өздеріңе құртыңдар, бір бастарыңа жетеді. Қазір шетелге шығып ел көріңдер, ақыл тоқтатыңдар деймін. 30-дан кейін, психологиялық тұрақтылық пайда болғанда, абьюз салдарын оқып білгеннен кейін, өзіңіз сияқты ойлайтын адам тауып, тең одақ құру тамаша жол. 

Нағыз неке - бір-біріне қарыз екі психтың ант бергені емес, екі терезесі тең тәуелсіз тұлғаның ресми рәсімделген одағы. Осындай түсінік көбейсе, біз артта қалған Абьюзстан елінен прогрессивті Қазақ Республикасына көшетін боламыз.