Бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов Индонезияда өткен Азия ойындарының қорытындысы бойынша өз пікірін білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Ұлттық құраманың басы-қасында жүргеннен кейін, спортшылардың қандай жағдайда екенін бәрін білемін. Жігіттеріміз өте жақсы дайындалды. Қанша тер төгілді, бірақ еңбек ақталмады. Бұның көп себептері бар. Сол себептердің көбісі төрешілер тарапынан болды. Ұлттық құраманың әрбір мүшесі, яғни жеті салмақтың барлығы жақсы дайындықпен барды. Мысалы, 2014 жылы Азия ойындарында біздің ұлттық құрама алты алтын медаль алды. Әділ төрешілер болғанда үнемі бокстан бес алтын медальдан кем алған емеспіз», - деп тоқталды М. Айтжанов.
Оның сөзіне қарағанда, Азия ойындарына Қазақстан боксшылары кем дегенде 2 алтын медаль алу жоспарымен барған.
«Біз қанша тырысқанымызбен, аяқтан шалатын адамдар болды. Бұл жағдай бірінші күннен бастап көрінді. Осындай келеңсіз жағдайларға мойымай, алға жылжу керек», - деді бас бапкер.
Айта кетейік, Азиада финалында жұдырықтасқан Асланбек Шымбергенов (69 келі) пен Әбілхан Аманқұл (75 келі) төрешілер шешімімен жеңіліс тапты. Көпшілік мамандар мен жанкүйерлер қазақ боксшыларына қиянат жасалғанын айтуда. Екі боксшы да финалда алтынға лайықты өнер көрсеткен болатын.
Еске салсақ, Азия ойындарында Қазақстан құрамасы 15 алтын, 17 күміс және 44 қола медаль алып (барлық медальдар саны - 76), жалпы рейтингте тоғызыншы орыннан көрінген болатын.