28 там, 2018 сағат 12:20

Мырзағали Айтжанов: Өзге елдің спортшылары Қайрат Ералиевке қиянат жасалғанын айтты

Бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Индонезияда өтіп жатқан Азиада аясындағы жекпе-жектер туралы өз ойымен бөлісіп, шағын сұхбат берді.

- Мырзағали Құланұлы, Азия ойындарындағы боксшыларыңыздың аяқ алысы қалай?

- Мен өзім баптайтын ерлер құрамасынан жеті боксшыға үміт артып, Джакартаға алып келдім. Сол жетеудің алтауы жарыс жолында. Кеше, бір боксшымыз Қайрат Ералиев қана жарыс жолынан шығып қалды. Қалған алты боксшы ширек финалға өтті. Оны өздеріңіз де байқап, көріп отырған боларсыздар.

- Қайрат қай жерде мүлт кетті?

- Өз шәкіртімнің жекпе-жегіне көңілім толды. Ол кеше жаман жұдырықтасқан жоқ. Барынша ел намысын абыроймен қорғауға тырысты. Қарсыласынан үш раунд бойы басым болды. Өкінішке қарай, төрешілер шешімі басқаша болды. Артынан осында жүрген әріптестеріміз Қайратқа қиянат жасалғанын айтып жатты. Қытай, жапон спортшылары да, бапкерлері де бізге Қайраттың қарсыласының жеңісіне күмәнмен қарағанын айтты. Бірақ, ол да осал боксшы емес, әлем чемпионатының қола жүлдегері, Азия чемпионатының жеңімпазы. Олимпиада ойындарында өнер көрсетіп жүрген боксшы. Кезінде Серік Сәпиевке, Бақтияр Артаевқа да осындай қысымдар жасалған болатын. Бірақ, олар сол төрешілердің қиянатынан қирап құлап кеткен жоқ. Артынан талай биіктерді бағындырды. Олимпиада чемпионы болды. Сондықтан, бір сәтсіздікке бола біз мойынсұнайық деп тұрған жоқпыз. Қайрат әлі отызға да толған жоқ. Алар асуы әлі алда деп сенемін. Бізде Олимпиада, әлем чемпиондары санаулы ғана. Сол санаулы боксшылардың бірі осы - Қайрат Ералиев.

- Өзге жігіттеріміздің жекпе-жегіне қалай баға бересіз?

- Барлық боксшылар өте жақсы дайындықпен келді. Алғашқы жекпе-жектерін жеңіспен бастап, ширек финалға шықты. Енді, бір-екі қадамын сәтті өтсе, ары қарай медальға да қол жеткіземіз. Сол үшін қалған боксшылардың дайындығымен жұмысымызды жалғастырып жатырмыз.

- Бұйырса неше алтын аламыз деп жоспарлап отырсыздар?

- Осыған дейін жоспарымызды айтқан болатынмын. Бұл - Азия ойындары, «Сарықұрлықтың» кіл мықтылары жиналған дода. Сондықтан осал қарсыластар жоқ. Бұйыртқанын аламыз. Уақытында көре жатарсыздар...

- Әңгімеңізге рахмет!

ҚазАқпарат