15 нау, 2026 сағат 08:18

Алматыда жалпыұлттық референдум басталды: 653 сайлау учаскесі ашылды

Фото: Фото: Алматы өңірлік коммуникациялар қызметі

Бүгін таңғы сағат 07:00-де Алматы қаласында 653 сайлау учаскесі ашылып, жалпыұлттық референдумға дауыс беру басталды, деп хабарлайды Ult.kz.

Алғашқы минуттан-ақ қаланың барлық ауданындағы учаскелерде тұрғындардың белсенді қатысуы байқалды. Көптеген алматылық демалыс күні таңертең ерте келіп, дауыс беруді жөн көрген.

Сайлау учаскелерінде мерекелік көңіл күй қалыптасты. Қала тұрғындары үшін естелік суретке түсуге арналған тақырыптық фотоаймақтар ұйымдастырылып, дәстүр бойынша алғаш дауыс берген азаматтарға шағын сыйлықтар ұсынылды.

Фото: Фото: Алматы өңірлік коммуникациялар қызметі

Алматыда барлық азаматтың дауыс беруіне қатысуына қолайлы жағдай жасауға ерекше көңіл бөлінген. Көру қабілеті бұзылған азаматтар үшін бюллетеньдерге арналған Брайль қарпімен жазылған арнайы трафареттер дайындалды, ал дауыс беру кабиналары ерекше қажеттілігі бар адамдарға бейімделген. Сонымен қатар учаскелерде цифрлық қолдау ұйымдастырылып, онлайн сурдоаудармашылар есту қабілеті бұзылған азаматтарға қажетті ақпарат алуға көмектеседі.

Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың учаскелерге баруын жеңілдету үшін «Инватакси» қызметі де іске қосылды. Бұл қызмет тұрғындардың сайлау учаскелеріне кедергісіз жетуіне мүмкіндік береді. Ал жасы үлкен немесе денсаулығына байланысты учаскеге келе алмайтын азаматтар үшін үйде дауыс беру ұйымдастырылған. Сайлау комиссиясының мүшелері көшпелі жәшіктермен тұрғындардың мекенжайына барып, әрбір азаматтың референдумға қатысуына мүмкіндік жасап отыр.

Фото: Фото: Алматы өңірлік коммуникациялар қызметі