Музейлер мен кітапханаларға табыс табуға мүмкіндік берілетін болады.
Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Қолданыстағы «Мәдениет туралы» заңда музейлер мен кітапханалар іске асыруға құқылы ақылы қызмет түрлерінің тізімі және олардан пайда табу тәртібі қарастырылған. Тізім сол кезде мемлекеттік мекеме нысанында жұмыс істеген кітапханалар мен музейлерге құқық беру үшін заңға енгізілген болатын. Бюджет заңнамасының талаптарына сәйкес, егер ақылы қызметтер құқығы салалық заңдарда көзделмесе коммерциялық емес болып табылатын мемлекеттік мекемелердің нысанында құрылған ұйымдардың бұндай қызметке құқығы жоқ», - деді министр «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын таныстыру барысында.
Алайда, министрдің айтуынша, бүгінгі күні Қазақстанның көптеген музейлері мемлекеттік кәсіпорынға айналған. Осы орайда, қолданыстағы заңда музейлер мен кітапханаларға табыс табуға мүмкіндік беретін норма кәсіпорындардың ақылы қызмет көрсету аясын шектеп отыр.
«Осыған орай заң жобасында осы норманың қолданылуын мекемелер түрінде құрылған ұйымдарға ғана қолдану ұсынылып отыр. Кәсіпорындар «Мемлекеттік мүлік туралы» Заңының талаптарының аясында іске асыратын болады. Сонымен қатар, осы заң жобасы аясындағы ең маңызды нормаларының бірі, ол мемлекет 100 пайыз қатысатын ұйымдарды жекешелендіруге тыйым салатын түзету болып табылады», - деді Ақтоты Райымқұлова.