16 қаз, 2020 сағат 11:52

Мусин білім беру платформаларының бәсекелестігі туралы айтты

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин білім беру платформаларының үздігі бәсекелестік тәртібімен анықталатындығын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Коронавирустық пандемия кезінде білім беру мекемелері қашықтан оқытудың қиын жағдайларын қабылдауға мәжбүр. Бірақ бұл мәселе бәсекелестік арасында шешілуі тиіс. Білім беру министрлігі осындай шешімге келді және біз оны қолдаймыз. Бәсекелестік түрде қазіргі кезде 13 платформа жұмыс істеп келе жатыр. Жалпы, солардың арасындағы бәсекелестік шешеді. Қайсысы нарықта жақсы қызмет көрсетсе, сол платформалардың қызметін оқушыларға дейін жеткіземіз», - деді министр цифрландыру тақырыбы бойынша Сенатта өткен Үкімет сағатында.

Оның сөзіне қарағанда, цифрлық контентті дамыту қажет. Осы орайда цифрлық оқулықтарға көшуге екпін қойған жөн.

Бұдан бөлек, әлеуметтік қатынастар саласын цифрландыру аясында бүгінде мынадай іс-шаралар белсенді пысықталуда. Олар: әлеуметтік төлемдер үшін ID әмиян жасау; зейнетақы мен әлеуметтік төлемдерді автоматты түрде есептеу; отбасының цифрлық картасы; әлеуметтік төлемдердің бірыңғай тізілімі; еңбек шарты мен еңбек кітапшаларын онлайн нұсқаға көшіру. 

Бұдан бұрын хабарланғандай, министр елімізде интернеттің сапасына қатысты түсінік берді. 

«Неге интернет әлсіз? Бұған қатысты бірнеше себеп бар. Біріншіден, бізде интернет сапасы бойынша қатаң заңнамалық талаптар жоқ. Екіншіден, телекоммуникация желісінің 90 пайызы радиорелелік желіде және әуе байланыс арналары бойынша салынған», - деді Бағдат Мусин.