09 мау, 2021 сағат 13:40

Мусин алдағы жылдары интернет сапасы қандай болатынын айтты


Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин спутниктік байланыс бойынша интернетпен қамтамасыз етуге түсінік берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Шын мәнінде, KazSat-2 және KazSat-3 75 пайызға ғана жүктелген. Қазіргі кезде технологияларды алмастыру бөлігінде ғарыш саласы қарқынды дамып келе жатқанын көріп отырмыз. KazSat-2 мен KazSat-3 геостационарлы спутник болып саналады, сондай-ақ олар интернет таратады. Алайда бұл интернеттің жылдамдығы нүктесіне, секундына 10 мегабит. Бүгінде технологиялар дамыды және біз осы процеске ерекше мән беріп отырмыз. 2019 жылға дейін стартап режимінде жұмыс істеген төмен орбиталды топтамалар 2020 жылы өндірістік пайдалануға шықты», - деді Мусин. 

Осы орайда ол шетелде бұл бағыттағы мақсаттар қалай шешіліп жатқанын атап өтті. 

«Осындай қызметтерді Starlink Америкада ұсынып отыр, ал Еуропада тестілеу жүріп жатыр. OneWeb тиісті жұмыстарды атқарып жатыр. Олар банкроттық кезеңінен шығып, 1 млрд АҚШ долларынан астам инвестиция тартты. Біз осы жобаны (KazSat-2R) жүзеге асыруды жоспарлаған кезде, KazSat-2-ні алмастыруға 58 млрд теңге сомасындағы шығыстың мақсаттылығын тағы да пысықтадық. 2024 жылға қарай жер шары төмен орбиталды спутниктік топтамамен толықтай қамтылады, олар нүктесіне секундына 200 мегабит жылдамдықта интернет ұсына алады. Бұл өз кезегінде қазіргі KazSat-2 және KazSat-3 таратып тұрған интернеттен айтарлықтай жоғары», - деді министр. 

«Айта кетсек, еліміздің аумағы АҚШ және Еуропамен шамамен бір параллельде орналасқан, сондықтан біздің паралеллель интернет ұсыну үшін спутниктік топтамалармен қамтылады», - деді Мусин.