Мүмкіндігі шектеулі жандар санаторлық-курорттық емделуді ұсыну және оңалтудың техникалық құралдарымен қамтамасыз ету мәселелерін көтеруде. Бұл туралы елордада өткен дөңгелек үстел отырысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ерлан Әукенов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Атап айтқанда, санаторлық-курорттық емдеу қызметтерін мемлекеттік сатып алу конкурсында жеңімпаз болған ұйым көрсетеді, не болмаса үкіметтік емес ұйымдармен шарт жасасу арқылы ұсынылады. Нәтижесінде жолдамалар өзара ынтымақтастық орнатқан санаторийлерге беріледі және мүгедектер мекемені өз бетінше таңдай алмайды. Бұған қоса, санаторлық-кукрорттық емдеу мерзімі айқындалмаған, соның салдарынан түрлі өңірлерде оның ұзақтығы 7-ден 14 күнге дейін құрайды.
«Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңға сәйкес, оңалтудың техникалық құралдарымен ең аз құны бойынша немесе ҮЕҰ-дан бір көзден сатып алынады. Бұл ретте тауарлар мүгедектігі бар адамдардың жеке қажеттіліктерін ескерместен жаппай сатып алынады.
«Қазір біз қолданыстағы бұйрыққа мүгедектер үшін 14 күннен кем емес санаториялық-курорттық емделу мерзімін белгілеу бөлігінде өзгерістер енгіземіз. 2020 жылдың шілдесінен бастап шипажайлық-курорттық емдеу қызметтері әлеуметтік қызметтер порталына көшіріледі, бұл мүгедектігі бар адамдарға ұйымды өз бетінше таңдауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, порталды іске қосу оңалтудың техникалық құралдарын ұсыну тетігін жетілдіруге мүмкіндік береді. 2020 жылдың қаңтарынан бастап жеке іріктеуді талап етпейтін оңалтудың техникалық құралдарының 55 түрінің 24-і порталға, қалған 31 түрі - 2021 жылдың қаңтарынан бастап ауыстырылатын болады. Бұл мүгедектігі бар адамдарға жеке қажеттіліктерді, сапаны, өнім берушінің беделін, басқа пайдаланушылардың пікірлерін және басқа да мәселені ескере отырып, оңалтудың техникалық құралдарын өз бетінше таңдауға мүмкіндік береді», - деді Ерлан Әукенов.
Бұдан бұрын хабарланғандай, аталған отырысқа ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев, ҚР Президентінің көмекшісі – ҚР Президенті Әкімшілігінің өтініштерін қарауды бақылау бөлімінің меңгерушісі Аида Балаева, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов, сондай-ақ бірқатар ведомстволардың вице-министрлері қатысты.