03 мам, 2019 сағат 20:21

Мұхамедиұлы: Мәскеу фестиваліндегі жеңіс - біздің өнер саласы үшін жарқын оқиға

Бүгін ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы «Тұлғалық өсу тренингі» («Тренинг личностного роста») фильмінің режиссері Фархат Шәріповпен кездесті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кездесу барысында Арыстанбек Мұхамедиұлы фильм режиссері Фархат Шәріповті Халықаралық Мәскеу кинофестиваліндегі жеңісімен құттықтады.

«Бұл - біздің өнер саласы үшін, жалпы алғанда Қазақстан үшін жарқын оқиға. Халықаралық Мәскеу кинофестивалі - тарихы бай, әлемдегі ең ескі фестивальдердің бірі әрі жыл өткен сайын танымалдылыққа ие болып келе жатыр» - деп атап өтті министр.


Кездесу барысында Фархат Шәріпов мәдениет және спорт министрлігіне алғыс білдіріп, жақында өткен кинофестиваль жайлы әсерімен бөлісті. Сондай-ақ, алдағы жоспарлары туралы сөз қозғады.

Естеріңізге салсақ, режиссер Фархат Шәріповтың «Тұлғалық өсу тренингі» фильмі Мәскеу кинофестивалінде Гран-приге ие болған еді. Картинаны ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысымен Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы түсірген. Фильмнің сценариі Данияр Сүгіралиновтың «Кирпичи 2.0» романының негізінде жазылған. «Үздік фильм» номинациясындағы «Алтын Георгийді» Шәріповке халықаралық қазылар алқасының төрағасы, танымал кореялық режиссер Ким Ки Дук табыстады.

Әлеуметтік драма қырық жасқа келген, орта жас күйзелісін кешіп жүрген банк қызметкері Қанат туралы баяндайды. Бірде Қанат тұлғалық қалыптасу, көшбасшылық қасиеттерді дамыту тренингіне барады. Коуч-тренер жетістікке қалай жету керектігін және көшбасшы бола білудің әдістерін айтады. Көшбасшы болудың құпияларын бойына сіңіре келе, Қанат өзін және өмірге деген көзқарасын өзгертуге бекінеді. 

«Фильмнің жарыққа шығуына ықпал еткен барша адамға алғыс айтамын. Алдымен отбасыма мың алғыс. Сол себепті бұл жеңісімді әкеме арнаймын. Ал фестиваль ұйымдастырушылары мен көрермендеріне көп рахмет», - деді МХКФ лауреаты Фархат Шәріпов ағынан жарылып.

Фильмнің әлемдік тұсаукесері 23-ші Пусан Халықаралық кинофестивалінде өткен. Картинаның қоржынында бұдан басқа тағы екі бірдей жүлде бар -  14-ші Халықаралық Шәкен Айманов кинофестиваліндегі Қазылар алқасының арнайы жүлдесі және Нетпак жүлдесі.