04 мау, 2021 сағат 15:01

Мұғұлдар деген – кімдер?



Мұғұлдар деген – кімдер?

(Мұғ-мұғ ұлы, мог-могол, маг-магол сөздерінің түркілік мағынасы)


Кең байтақ сахарада сағым қуып, сары түске боялып жатқан түркілердің Ұлы Даласында қаншама атаулардың мағынасы өз шегінде зерттелмей түпсіз терең тұңғиықтың тұйығында бұғылып жатқаны бәрімізге белгілі. Тіптен, сонау ерте заманнан ұмытылмай қалай аталса солай айтылып бізге жеткенімен қазіргі таңда, олардың мән-мағынасы жүз пайызға өзгеріп кеткеніне көз жеткіземіз. Алайда, әлі де сонау түркілік дәуірден сақталып қалған сөздер мен атаулардың, жер-су аттарының түпкі өзегіне үңіліп қарайтын болсақ, түбі бір түркі халықтарының бәріне ортақ түп негізі боларлық тамырына жолығатынымыз байқалады. Бұл – заман көшіндегі жаңашылдықтың тыңнан түрен салған ұлы өзгерістерінің жаңа ғасырдағы бастамасы десек те, ол бастаманың өзеуреген өзегі сонау ерте дуірлердегі бабаларымыз түркілердің ортақ тарихи мұрасында жатқанына сенімдіміз. Сонымен, біздің зерттегелі отырған тақырыбымыз ортағасырдағы әлемді дүлей күштей жайпаған мұғұл тайпаларының атауына қатысты болмақ. Шынында қазіргі уақытқа дейін бір де бір тарихшы немесе ғалым Шыңғысханның түрік-қазақ екенін дәлелдеп жазса да, ешқайсысы да Шыңғыстың дүниежүзіне таратқан түркілік атауы Мұғұл сөзінің мән-мағынасын зерттемеген екен. Бұл – осы уақытқа дейін қара шапанның астында қара көміліп жатқан термин ретінде қалып бара жатқаны өкінішті еді. Хош делік, бірақ, әрбір сөздің бір мағынасы да мәнін білдіретін сүбелі негізге айналған тамыры да болу керек қой?! Ерте мен кеш пе әйтеуір бұл атаудың зерттелетіні ақиқат еді. Себебі, оның мағынасын білмей жатып, әлемде ондай халықтың бары мен олардың осындай атаумен әлемге танылғанын зерттеудің өзі түнісіксіз күйде қалар еді.


13 ғасыр әлем картасында үлкен өзгеріс әкелген тарихтың танымды тармағы болып қалғаны рас. Европа халқы әлі күнге дейін 13 санынан қорқатынын ескерсек, олардың шыбын жанын шоқтай шыжғырған 13 ғасырдағы Мұғұлдар кімдер еді? Дауылдай жер бетін жайпаған Шыңғысхан бастаған мұғұлдар сонау Қиыр Шығыстан европаның кіндік ортасы мен Африкаға дейін жаулап, өздерінің Дала заңына бағытталған темірдей тәртіптерін орнатты. Бір де бір ел мен мемлекет олардың қарсы алдына шығуға шамасы келмей, буыны ұстамаған қария жандай қалтырап, дірілдеп еріксіз басын июге мәжбүр болды. Тіптен, мәжбүрледі десек те болады. Сонау жыл санауымыздың басынан бері қарай жан-жаққа шашылып жүрген және әртүрлі атаумен Сақ, Ғұн, Үйсін, Қаңлы, Түрік, Түргеш, Оғыз, Қыпшақ, Қимақ болып аталып келген түркілік тайпалар, ең соңында Мұғұл деген атаумен бір шаңырақтың астына біріге отырып, дүниені дүр сілкіндіріп, осы атты барша түркі баласының атауына айналдырып кетті. Алғашқы рет бұл атаумен Алтай тауын мекен еткен тайпалар сонау 9 ғасырда аталған екен. Бұл туралы Тибет пен Алтай түркілерінің арасындағы келісімшарт ретінде келісілген тасқа жазылған Тибеттік жазуда Мұғұлдар деген аттың алғаш кездескенін ғалымдар жазып жүр. Одан кейін Мұғұл атауы үнсіз өшіп барып, Шыңғысхан құрған алып империяның атауы болып бір-ақ шықты. Әлемге танылған бұл атау – бізге естілмеген, білмеген термин ретінде тарих сахнасында осылайша пайда болды.


Хош, сонымен Мұғұл сөзінің мән-мағынасын ашуға және оның не мақсатпен халықтардың ортақ аты болғанына назар аударып көрейік. Бізге ең алғаш керегі осы сөздің түбірі болған түп негізінің тамырына көз жүгіртейік. Ең алғаш «Мұғ» деген атауды Орта Азияға ислам дінін тарата келген араб басқыншылары осындағы түркілік тайпалараға қолданған. Олар Қазақстанның оңтүстігі мен қазіргі Өзбекстан, Түркменстан, Хорезм және барлық Мауереннаһр өлкесіндегі халықтарды «Мұғтар» деп атаған. Арабтар алғаш Орта Азияны жаулап келген уақытта Мұғтардың жанкешті қарсылығына тап болып, олардан сан мәрте жеңіліп, сан мәрте қайта шауып, ірі қақтығыстарға барған болатын. Міне, мұғ деген халық осылайша арабтарға ең бірінші рет қатты қарсылық көрсеткен ел ретінде олардың жүрегін ұшырған-ды. Ортағасырлық ғұлама Ахмет Ясауидің інісі Сайф ад-Дин Орын Қойлақидың Қожалар мен Қарахандар шежіресін жазған «Насабнама» атты еңбегінде де Абд әл-Карім мен Ысқақ бабтың Тараз, Отырар, Ташкент өңірінің түркілерін жаулап келген кезіндегі соғыстары айтылады. Сол еңбекте де осы жаулашылықта дін таратушылар түркілік Мұғтар, Мұғ-Тарсалармен соғысты деп атап тұрып жазады. Яғни, сол кезеңде де Мұғ елінің болғаны, бірақ, олар әлемге жайылып кеткен Түркі деген атаудың ішіне сіңе отырып, мұғ атауларының ұмытыла бастаған кезеңі еді. Ислам дінін насихаттаушылар үшін Мұғтар деген кәпірлерге саналды. Бірақ, осы уақытқа дейін бір де бір тарихшы «Неге ислам дінін таратушылар, бұларды мұғ деп атады? Ол не мағына береді, халықтың атауы ма, әлде, арабша атау ма?» деген сияқты сұрақтарға жауап іздеуді ойламапты, өкінішті! Әйтпесе, олар тегіннен-тегін мұғ деп атаушы ма еді?!


Негізінен мұғтардың арғы тарихына көзжүгіртер болсақ, олардың тарихы сонау Сақ дәуіріне баратынына көз жеткіземіз. Сол бір біздің дәуірімізге дейінгі мыңжылдықтарда Орталық Азияның иесі атанған мұғтар – парсы патшалығымен көп соғысып, парсылармен көп араласып кеткен. Тіптен, парсы әскерінің құрамына Сақтармен бірге барып, сол жерді мекендеп те қалған. Грек тарихшысы Геродот оларды Мидияның ірі тайпаларының бірі деп атаған. Ал, Мидия патшалағы орталық Азиядан барған түркілік тайпалардың одағы екенін қазіргі ғалымдар дәлелдеп жүр. Негізінен, Мидия патшалығы б.з.б. 7 ғ-дың 70-ші жылдарында пайда болған.


Астанасы Экбатана қаласы (қазіргі Хамадан маңында) болды. Мидияның алғашқы патшасы Қиақсар патшаның (шамамен б.з.б. 625 – 584) тұсында ол Көне Шығыстағы ұлы державалардың біріне айналды. Қиақсар қазіргі Иранның солтүстік жерінде әскери реформа жүргізіп, Әзербайжан сақтарымен бейбіт келісім жасап, сол дәуірдегі гүлденген Вавилонмен күш біріктіріп, б.з.б. 607 – 605 жылдары Ассирияны талқандады, кейін Урарту мен Каппадокияны басып алды. Қиақсардың баласы әрі мұрагері Астиағ тұсында Мидияны парсы патшасы Кир жаулап алып (б.з.б. 553 – 550/49), Ахемен әулеті билеген парсы патшалығының құрамына қосты.


Осы жерде Мекемтас Мырзахметовтың 2001 жылы 10 наурызда облыстық «Ақ жол» газетінде жарық көрген «Тұранның ұлы қағаны» атты мақаласынан үзінді келтіре кеткен жөн сияқты: «Міне, осы құбылыстарды ескере отырып, біздің жыл санауымызға дейінгі VII ғасырда түрік тайпаларын біріктіріп, ұлы Тұран өлкесінде құрылған ұлы қағандық хақында сөз еткіміз келеді. Бұлар туралы тарихи жазба деректер көздері зороостризм дінінің қасиетті кітабы «Авестада» баяндалған. Тұранның ұлы қағаны Алып Ер Тоңа «Авестада» Афрасиаб атымен беріліп отырады. («Авеста». Тегераң 1991,1- 2 том) Евроцентристік танымдағы ғалымдар скиф, сақ деген халықтарды түркі жұртына қимай, ол парсы тектес деген ойды насихаттаумен келеді. Мақұл осылай-ақ болсын дейін десек, парсы жұрты табынып келген зороостризм дінінің қасиетті кітабы «Авеста» өздері Афрасиаб деп атаған Алып Ер Тоңаны парсыларға қарсы жау ретінде көрсетіп отырады. Тіпті ұлы ақын Фирдоусидің «ІІІаһнамасында» да Афрасиаб парсы жұртының жауы ретінде суреттеледі емес пе? Ал скифтер, сақтар индоевропалық тілде сөйлеген болса, солар жайлаған жерді уысында ұстап, қағандық билігін жүргізіп отырған Алып Ер Тоңа түрік тілінде неге сөйлейді?.... Иранды тізе бүктіріп, өз билігінде ұстаған Алып Ер Тоңа қағанға тәуелді Иран шаһы Кейқысрау оны аса мәртебелі қонақ ретінде сарайына шақырып, қағанды опасыздықпен асына у қосып беріп, б.з.д. 626 жылы мерт етеді».


Сонда деймін-ау, сол иранға кеткен мұғ тайпаларын бір кездері Афрасиаб қаған да басқарып барғаны ғой?! Тағы да осы мақаласында Мекемтас ағамыз: «Алып Ер Тоңаның азан шақырып қойған аты Мадай екендігін де біліп отырмыз.. Ал, Алып Ер Тоңа оның халық атап кеткен мадақ аты екен. «Алып» деген сөз бүкіл түрік халықтарына ортақ мағынада айтылатын өте күшті батыр, қолбасшы баһадүр деген мағынаны береді екен» дейді. Тіптен, Мидия мемлекетінің бір кездері Мадаи, Мадая деп те аталғанын білеміз. Мұның барлығы Парсы тағына отырған Афрасиабтың шын атымен Мадай аталып кетуі де мүмкін екенін жай ұқсастық деп ойламаймыз. Және де Парсылардың қасиетті кітабы саналған «Авеста» да парсылардікі емес, маг тайпасынан шыққан Спитама-Заратуштра жазғанын екінің бірі біле ме екен? Бұл туралы ортағасырлық ғалым Әбу Райхан әл-Бируни өзінің «Памятники минувщих поколений» атты еңбегінде былай дейді: «Заратуштра Сефид-тұманның ұлы, Азербайжандық. Ол патша Менучихрдің ұрпақтарынан шыққан және магтардың асыл отбасыларының мүшелеріне, олардың ақсүйектер тобына жататын. Заратуштра өзімен бірге Авеста деп аталатын кітапты алып келді. Ол барлық басқа халықтардың тілдерінен өзгеше тілде жазылған және ерекше түрде құрылған.....» (Перевод М.А.Салье. Ташкент-1957 ж. Академии Наук Узбекской ССР. 205 бет.). Міне, Заратуштра пайғамбардың Маг тайпасынан екендігі және ақсүйектер тобына жататыны нақты айтылған. Және әкесі Сефид-тұманның есімі де түрікше екені, сонымен қатар, оның ақсүйектік Тұман деген лауазымы да түркілердің Тархан секілді атақтарының бірі болғанын бәріміз білеміз.  


Ал, осы Мидия патшалығын құрған тайпаларды Гректің тарихшысы Геродот өзінің «Скифия» (Киев, Фирма «Довира» 1992 ж)  атты еңбегінде Магтар, маг тайпалары деп атап және олардың Шығыс Азия мен Әзірбайжанның оңтүстік өлкесінен келгенін жазады. Ол магтардың жадылау, сиқырлау өнеріне таң қала  отырып, бұларды сиқыршылар деп те жазған екен. Шын мәнісінде біздің бабаларымыз түркілер де сиқырлау өнерін мықты игергенін ортағасырлық көптеген тарихшылар жазып кеткен. Саидмурод Бобомуллоев пен  Насрулло Убайдуллоевтың «Таджики в исторических источниках и трудах исследователей» атты еңбегінде: «Геродоттың айтуы бойынша Мидия тайпаларының бірі магтар болған. Олар өздерінің рулық ұйымын сақтай отырып, Ахеменидтердің қол астында діни топ, әр түрлі салт-жоралар мен қарғыстар жасаған кәсіби діни қызметкерлер болды. Магтардың негізгі құрбандық жануарларының бірі жылқы болды» (Душанбе, 2018 ж, «Дониш» 21 бет) деп жазады. Осы бір Геродоттың жазбасынан аңғарсақ сол кезеңдерде Түркілерден басқа ешкім жылқыны құрбандыққа шалмайтыны және жылқы ғана түркілердің негізгі асы да малы да болғанын байқауға болады. Сонымен қатар, Мидия патшасының есімі де нағыз түркі есімі екенін  (Қиақсар, Астиағ) аңғарамыз. Олардың сиқырлау, жадылау өнерінен және Мұғ деген сөзді Маг деп атаған сөзінен кейіннен орыстардағы маг, магия сөзі келіп шықты. Себебі, гректер сиқыршылықпен, дуа жасаумен айналысқан Мұғ тайпаларын өз тілдеріне ыңғайлап Магтар деп атап кеткен-ді. Осы Мұғ-Маг тайпалары Заратуштра бастаған діни жолды ұстана отырып, оны бүкіл парсы жеріне таратты. Ол жерден әлемнің барлық жеріне тарады. Әбу Райхан әл-Бируни өзінің «Индия» атты еңбегінде: «Ежелгі уақытта Хорасан, Фарс, Ирак, Мосул және Сирия шекарасына дейін будда дінін ұстанған. Кейін Заратуштра Әзірбайжаннан шыққан соң оның ілімі Парсы патшасы Гуштаспаға ұнады. Оның ұлы Исфандийад бұл ілімді Шығыс пен батыс елдерінде күшпен және бейбіт жолмен тарата бастады. Ол Қытайдан Ар-Рум шекарасына дейін от храмдарын тұрғызды. Оны Таратушылар магтар(мұғтар) деп аталды» дейді. (Москва «Ладомир» 1995 ж. 66 бет). Бирунидің айтуы бойынша Заратуштра Ескендір Зұлқарнайыннан 258 жыл бұрын өмір сүрген екен. Сонда шамамен б.д.д 600 жылдарға келеді. Бұл кезең Мекемтас ағамыз айтқандай Афрасиабтың заманы еді. Сол тұста мұғ тайпасының ақсүйек тобынан шыққан ол өз дінін дүниеге әкеліп, тарата бастайды. Аталған деректерге қарап отырып, Заратуштра көне түркі халықтарының тұңғыш пайғамбары екеніне және мұғ атауының да ежелгі түркі тайпаларының атауы болғанына көз жеткіземіз. Осы жерде Хамза Көктәнді ағамыздың Шыңғысхан туралы жазған ғылыми-зерттеу кітабынан қызықты деректі ұсынғым келіп тұр.  Ол кісі өзінің 1-кітабы, Алматы «Қасиет» баспасынан 2020 жылы шыққан «Алтын төркін» деп аталатын еңбегінің 252 бетінде: «Көптеген ықтимал қисынды ойларды салыстырып қарағанда Афрасиаб есімі, оның даңқы Шыңғысханға өте танымал болған. Бірақ, Шыңғысхан Афрасиаб жатқан жерге қарағанда Заратуштра пайғамбар жерленген жерді, ежелгі арилықтардың киелі мекенін асқан құштарлықпен, табандылықпен іздеген. Ең соңында Спитама-Заратуштра пайғамбар осы жерде жерленген деген жобамен қазіргі Зеңгі баба тұрған жерге алғаш рет белгі тұрғызған» деп, мұғұлдардан шыққан Заратуштра пайғамбарды Шыңғысхан өзінің арғы бабасы ретінде қатты іздегенін жазады. Және де Заратуштра пайғамбардың дінін ұстайтын мұғұлдар туралы осы еңбектің 253 бетінде: «Зороастризм дінінің бір тармағын ұстанатын монғолдар өте қасиетті мекен ретінде Заратуштра қабірін асқан құштар махаббатпен іздеді» деп тұжырым жасайды. Ал, ғалым археолог Уахит Шалекенов ағамыз өзінің «Орталық Азиядағы Ариилердің өркениеті» деген еңбегінде: «Қазіргі ғалымдардың көпшілігі «Авестаны» б.з.б. ІІ мыңжылдықтың бірінші жартысында Орталық Азияда не Солтүстік-батыс Ауғаныстан мен Солтүстік-шығыс Иранға көрші аймақтардың бірінде пайда болды деп есептеп келген. Қазіргі археологтар бұл пікірді анықтап, ариилықтардың өмірін сәулелендіретін «Авеста» Орталық Азияда, нақтырақ Хорезм жерінде жазылған деген пікірді С.П. Толстов өткен ғасырдың 40 жылдарында жазған болатын. Ғұламаның осы пікірін қуаттайтын археологиялық жәдігерлер кең көлемде Қазақстаннан табылып жатыр. Осы деректерге қарағанда, ариилердің пайда болған орталығы Алдыңғы Азия емес, Орталық Азия» (Алматы «Қазақ университеті» 2011. 7 бет) деген ойында да Авестаның Орталық Азияда жазылғанын айтады. Және тағы да осы кітаптың 9 бетінде: «Парсылардан шыққан ғұламалар түрік тілін жақсы білсе, түрік ғұламалары да сондай парсыша жазған, сөйлеген. Сондықтан, бізге жеткен «Авеста» кітабы ертедегі түркі тілінен парсы тіліне көшірілген болуы да мүмкін» дейді. Біз мұны не үшін айтып отырмыз, ондайғы ойымыз осы «Авеста» кітабын жазған мұғ тайпалары, солардың ақсүйек тобынан шыққан Спитама-Заратуштра еді. Тағы да осы еңбектің 21-22 беттерінде: «Бірақ бәрінен қызығы Герцфельдтың пікірі, ол Эранвез бен Тұран – бір мемлекет, Түркістанда жайласқан, бұл жерде Иранға көшіп кетуден бұрын мидиялықтар мен парсылар өмір сүрген. Бұл ежелгі замандарда жер жанаты болып, кейіннен ауа райы өзгерген және табиғаттың 22 осы құбылысы елдердің ұлы қоныс аударуына, көшіп кетуіне себеп болған. Эранвез солайша ариилер мемлекетінен Тұран мемлекетіне айналған деген дәйектеме ұсынады. Шындығында Авестада Тұран атауы кездеседі. Сонымен бірге ариилықтар осы өңірден өздерімен төтем-тәңірлерді Европаға алып келіп, кейіннен грек мифологиясының тұтас дастандарын тудырады...» дейді. Міне, мұғ тайпаларының да арииліктермен және мидиялықтармен бірге Түркістаннан Персияға көшіп кеткенінің айғағы. 




Сонымен, «Мұғ» деген тайпаның бар екенін, олардың ежелден жасап келе жатқанын біршама айттық. Енді, «Мұғ» сөзінінің мағынасы қандай болғанына ой жүгіртіп, тағы басқа да деректерді алға тартайық. ІХ ғасырдың аяқ жағында Қазақ жері мен Орталық Азияны жаулап алған орыс империясымен бірге батыстың ғалымдары да біздің өңірге аяқ басып, олар үшін қызық болған көптеген деректерді зерттеп, біздің тарихи дүниелерімізді біршама жинақтады. Сол дәуірдің ұлы ойшылдары Бичурин, Бартольд, Каллаур, Панков, Диваев, Жетпісбаев секілді әуесқой зерттеушілері өздерінің жинақтаған ғылыми деректерін «Түркістан археология әуесқойлар үйірмесі» атты кружок құрып, сонда үнемі жариялап отырды. Олардың жинаған дүниелеріне қарап отырсақ қазіргі Өзбекстан мен Тәжікстан жерінде осы «мұғ» атауына байланысты көптеген деректер айтылады. Шынында да Тәжікстандағы «Мұғ» тауы, Өзбекстандағы «Мұғ-кепе», «Мұғкент», «Мұғ қорған», Қазақстандағы «Мұғалжар» тауы деп аталатын жер-су атаулары тегіннен айтылмаса керек-ті. Сол Түркістан әуесқойлар үйірмесінің мүшесі Жетпісбаевтың 1900 жылы Ташкент қаласында жариялаған «Слово «Муг», курганы и каменная баба» атты мақаласына көз жүгіртейік:


«1899 жылы 9 қарашада өткен археология әуесқойлары Түркістан үйірмесі мүшелерінің жалпы жиналысы отырысының № 4 хаттамасында үйірме мүшесі Г.Брянов өзінің "Ферғана облысындағы ежелгі Касан қаласының іздері туралы" мақаласында "Муг-Курган" бекінісінің қирандыларын еске алады. Оның айтуынша, Касанның солтүстік жағында бір-екі миль қашықтықта, Алабұқа ауылына барар жолда, Касанның үстінен едәуір көтерілген төбелі жерде "Мұғ Қорған" шағын бекінісінің қирандылары айқын көрінеді екен. Ол туралы "Мұғ  атауынан басқа, жақын ауылдарда ешқандай аңыз сақталмаған, тіпті, ол ауылдарда "Муг" сөзінің не екенін білмейді, ұмытып кеткен. «Бұл кез-келген халықты, болмаса бір адамды немесе жеке бір затты білдіретін атау ма?» деген ой туғызады. Сонымен қатар, Г.Брянов 1898 жылғы Археология әуесқойларының Түркістан үйірмесінің хаттамаларына енгізілген Г.Граменицкий мен Г.Андреевтің мақаласына сілтеме жасайды. Онда да "Муг" сөздері айтылған. Былайша айтқанда Түркістан жерлерінде бір кезеңдерде "Муг"деп аталатын адамдар осында өмір сүргендей. Содан кейін, көне қала "Касане" туралы мәліметтерде №4 хаттамада, мұсылман транскрипциясында, түркі тілінде және "Азряти-Ша-Джарир" кітабынан алынған тұтқындар туралы әңгіме болады. Алдымен араб тілінде жазылған, содан кейін парсы тіліне аударылған және соңында түркі тіліне аударылған сол деректерде тағы да бірнеше жерде "Мұғ" сөзі айтылады. Бірақ мұнда Мұғ туралы 1700 адамнан тұратын Ша-Джерирдің ұлы Мұхаммедтің басшылығымен, хижраның 34-ші жылы Медина қаласынан халифа Осман жаулап алған халық ретінде айтылады. Бұл Экспедиция "Мұғ - Карван-Бест "(бұл халықтың бір түрі болса керек) шайқасында" Музге " деген жерде жеңіліске ұшырап, жауынгерлерінің көп бөлігін мәйіттермен тастап, Мединаға оралады. Содан кейін Халифа Али, хижраның 39-шы жылы, қайтадан Абдулла-Амирдің басшылығымен 8000 адамнан тұратын екінші экспедицияны жабдықтап, жібереді. Ол Мұғтарды жаулап алып, осы аймақты басқаруға Халифа тағайындаған Ша-Джерирдің бір адамы келгенге дейін Түркістан аймағын біраз уақыт басқарып тұрды. Бір сөзбен айтқанда, осы үзінділерден "Мұғтың" белгілі кезеңде Орта Азияда үстемдік еткен халық болғанын көруге болады. Қырғыздар (Қазақтар деп түсініңіз) Орталық Азияның барлық кеңістігіне таралған осындай барлық қорғандарды "Мұғтың үйі" деп атайды, бұл "Мұғтардың тұрғын үйлері" дегенді білдіреді»...


Міне, біз мақаламыздың басында айтып кеткен арабтардың жаулау барысында ең алғаш кезіккен және арабтарды ойсырата жеңген түркілік тайпалар осы Мұғтар болатын. Жетпісбаевтың жоғарыдағы мақаласында нақты әрі анық айтылған. Бір кездері Орта Азияда құдіреті күшті Мұғ тайпалары болғаны айдан-анық еді. Әсіресе, осы мұғ, маг тайпалары туралы деректі тегі түркілік Бұлғар тарихшыларының 30 мың жылдық тарихы жазылған деректен іздеп таптық. Бұл тарихи деректе Маг, Мұғ сөздерінің нақты мағынасы айтылады және оның түркілердің ерте замандардағы атауының бірі екенін дәлелдеп береді. Бұл – біз үшін таптырмас ғылыми жаңалық болғаны рас. Енді біраз деректерді аталған Бұлғар деректерімен сөйлетейік. Тіптен, «Мұғұл» деген атауға орыс халқы да жармасып, оны өздерінің түпкі ежелгі атауы ретінде де қабылдап, оны ғалымдары өз еңбектерінде жазып жатыр. Ол деректерді де келтіретін боламыз.


Сонымен, Бұлғарияның түпкі тарихын шежірелеп жазған, ортағасырлық ғалым Бахши Иманның 3 томдық «Джагфар тарихы» атты еңбегінде талай түркі халықтарының тарихы тереңнен қозғалып, көптеген тарихи негіздердің беті ашылады. Біз осы еңбекті зерттеп, зерделей отырып, «мұғ» деген сөздің түп-төркінін осы деректен таптық. Негізі барлық түркілердің ортақ тотеміне айналып кеткен Бөрі кейпі, Бұлғарлардың да негізгі түбі саналады. Джагфар тарихында: «"Булгар" - "қасқырдың басы (булг, бург)" - иделиттердің туы деп аталды, онда қасқырдың басы бейнеленген. Ежелгі Болгар тіліндегі "булг" сөзі "қара" және "қасқыр" дегенді білдіретіндіктен, булгарды" қасқыр" және"қара бас"деп те атады» деп нақтылай түседі. (Оренбург. 2-том Редакция вестника «Болгар иле», 1994. 1997. 62 бет). Міне, қарап отырсаңыздар, барлық түркі баласы өзінің шығу төркінін Бөрімен байланыстырады. Мұны айтып отырғанымыз, біздің негізгі зерттеп келе жатқан түп төркініміз де осы Бөріге тірелгелі тұр. Себебі, түркілердің түп тарихын жазып қалдырған да, талдап мән-мағынасын ашып берген де Бұлғарлардың көне тарихы еді. Жоғарыдағы аталған деректе тағы да өздерінің шығу тарихына қатысты бір аңызды келтіреді. Онда: «Басқа мифте басты кейіпкер - алпауыт Қасқыр. Бірде Жаулар бір Болгар руын жойып, оның соңғы өкілін - биінің (көсемнің) кішкентай ұлын өлтіргісі келгенде, алпауыт Маг-Қасқыр бұған жол бермеді. Ол баланың жараланған анасына күш берді, ол баласын үлкен қазандыққа отырғызып, қазанды өзенге лақтыра алды. Өзен баласы бар қазанды үлкен және өтпейтін батпаққа әкелді. Содан кейін алып Қасқыр Самара дақылының рухын бұғыға айналдырып, батпақтан өзенге өтіп, баланы қасқырдың орына (ініне) апарды. Қасқыр баланы тамақтандырып, кейін ол «ұлы Маг», «мұғ ұлы», яғни, (Қасқырдың ұлы) деп аталып кетті» дейді. Біз «мұғ» сөзінің мағынасына енді көзіміз жетті, Мұғ – Қасқыр, бөрі, барыс деген мағынаны беретін сөз болып шықты. Бабаларымыздың көнеден ұмытылып жеткен сөзі екенін аңғардық. Бұл туралы қазақтың ұлы ғалымы Әлкей Марғұлан не дейді екен, оқып көрейік. Ол кісі өзінің «Қазақ халқының эпикалық жырлары, мифтері, ертегілері, аңыз әңгімелері» атты докторлық дисертациясында: «Ескі замандағы наным бойынша бөрі ерліктің, батырлықтың, күштіліктің белгісін білдіреді...... «Маңғыс», «адай», «ноғай» деген сөздер бір кездері «Бөрі» мағынасында жұмсалып,, алып ерді ардақтап айтатын лаһап сияқты болған. Ерте замандағы «құс бөрі», «маңғыс», не бергі кездегі «ит құс» деген сөздер «көктің, биіктің құсы» деген мағынадан туған. «Маң», «шың», «бөрі», «таң» деп ерте кезде «көк», «аспан», «биік шың» мағынасында жұмсалған» (Ә.Марғұлан шығармалары, 3-том, «Алатау» баспа-полиграфиялық корпорациясы. Алматы 2007. 100-102 беттер) деп, қазақтағы қасқырдың атауын тура айтудан қашатынын меңзейді, сонымен қатар, оның түркі тілінде көптеген мағынаға ие екенін айтады. Яғни, «мұғ» атауы да бір кездері қасқыр, бөрі атауының бір баламасы болып, халқымыз оны тура атаудан қашуы себепті ұмытылғанға көз жеткіземіз. Және осы жерде айта кететін тағы бір нәрсе, ол ғұлама ғалым Ә.Марғұланның айтып отырған «Маң» сөзі туралы болмақ. Егер «Маң» сөзі де бөрінің баламасы болса, онда қазіргі «Маңғышылақ, Маңқыстау» деген атаулардың да бір кездердегі «Мұғ қышлақ, Мұғ қыстау» деген терминнің баламасы болып шығатынын байқау да қиын емес. Яғни, «Бөрілер қыстауы, бөрілер қышлағы» деген мәнге ие болып шығады. Сонымен қатар, Мұғқыстауға жақын Ақтөбе облысында орналасқан Мұғалжар деген таудың бары белгілі және күні бүгінге дейін ол тау солай аталып келеді. Бұл да «Бөрілердің жары, тауы» деген мағына беретінін енді ұғынғандаймыз. Бұл жерде айтпағымыз таза мағынадағы «Бөрі» емес, сол атауды иемденген халықтардың қонысы, қыстауы деген сөз болғанын жеткізу ғана. Яғни, «Мұғұлдар» мекені деген сөз. 




Ал, бұл атауды бүкіл әлемге таратып, алып шыққан тек Шыңғысхан еді. Яғни, Шыңғысхан өзінің құрған ұлы империясын «Мұғұлдар» деп атады. Ондағысы сонау ескі замандарда ұмытылып кеткен бабаларымыздың атауын қайта көтеріп, «Мұғ ұлдары, мұғұлдар, Бөрі ұлдары» деген нағыз шынайы да адам жанына, әсіресе барша түркі баласына рух беретін атауды қалыптастырғаны болатын. Шынында да Шыңғыстың қалың әскері бөрідей талап, жайпап әлемді жаулағаны тарихтың алтын сахнасында өшпестей із болып қалды. Ортағасырлық арабтың, парсының көптеген тарихшылары да Шыңғысхан туралы жазғанда Мұғұлдарды бөріге теңеп, олардың қайтпас-қайсар батырлығын таң қала жырлаған-ды. Мұның барлығы да тегіннен-тегін емес екенін енді байқап тұрмыз. Тіптен, ежелгі түркілерде Бөрі сөзінің көп атауы болғанын аңғарамыз. «Джагфар тарихы» 2-томында оның барлық атауын талдап береді: «Бөрі - бұл айдың алпысы, аң аулауда, әскери сәттілікте, жеңісте, даңқта қуат береді. Ол - болгар халқының қамқоршысы. Ол қасқыр мен барыстың келбетін қабылдаған. Кейде бір көзді бейнеленген. Бұл алыптың басқа да болгарша (түрікше) атаулары - Чин (Хин), Хон, Синдиу, Сянби, Барыс, Барын (әскери және патша даңқы), Маг, Муг (Мак, Мэк), Мамиль (Мамли), Айчин (Афшин), Кур (Гур), Айбори, Булг (қара), Селытчи (балқытушы) және т.б.» дей отырып: «Болгарлардың тотемі – Қасқыр, Бөрі, Маг, Муг» деп жалғастырады. Тіптен, аң патшасы Арыстанның өзі осы Ұлы Маг деген сөзден шыққанын айтады. «Тұмар ретінде қасқыр терісінен жасалған бас киімдер - " бөрік "("бөре" - "Қасқыр"). Бір қызығы, булгарлар бастапқыда итті "эмек" немесе "оймек" (үй маг) - "үй қасқыр" деп атаған, ал Арыстан - "ұлуг маг" «Льваг» ("үлкен қасқыр") деп аталды» деген деректерге сенбеуге амалымыз жоқ (Джагфар тарихы 2-том. Оренбург. Ответственные редакторы Ф. Г.-Х. НУРУТДИНОВ и Р. Ш. ШАРИПОВ 68 бет). Тіптен осы «Мұғұлы», яғни, «Бөрі ұлдары» атанған тайпалардың атауы Ежелгі Үндістанға да жетіп, онда ол орманда өскен Бөрінің ұлы Мауглиге айналып, аңыз болып кеткеніне де осы дерек куәлік етеді. «Джагфар тарихы» 2-томының 46-47 беттерінде: «Болгар топтары Алтайда, Қытайда, Моңғолияда Бөрі мен Қазан туралы аңыздарды таратты (олардың негізінде ғұн патшалары мен Шыңғыс хан туралы аңыздар пайда болды), Үндістанда Магул есімі "Моголдарға", жабайы қасқыр баласы "Мауглиге" айналды» дейді. Әрине, мұндағы Болгар аңыздары деп отырғанды жалпы түркінің түп тарихы деп түсініңіздер. Ал, енді ағылшын жазушысы Киплинг Редьярд Джозефтың 1894 жылы жазған «Маугли» деген кітабындағы «Мұғ ұлының» тарихына шамалы көз салайықшы. Аталған еңбекте кішкентай бала джунглиге, қасқырлар отбасына түседі. Оны емізіп асыраған анасы қасқыр Ракшаны жақсы көреді. Ол оны "Маугли" (Қасқыр ұлы-Магул)) деп атайды және оны өзінің олжасы деп санайтын Шер-Хан атты жолбарыстан қорғайды. Қасқырлар адам баласын тамақтандырып, өсіреді. Ол өз отбасы санаған қасқырлармен Джунгли Заңында өмір сүреді. Дәл осы аңыз б.д.д ІІІ ғасырларда өмір сүрген Үйсін Елсау бидің аңызына қатты ұқсас. Оны да жас кезінде қасқыр ұрлап, асырайды да, кейіннен сол дәуірдегі тайпалардың бәрі оны Көкбөрі атап кетеді. 17 ғасырдың ғұламасы Қазыбек бек Тауасарұлы өзінің «Түп-тұқианнан өзіме шейін» атты шежіре кітабында да осыны жазады. Осы еңбекте: «Моғол деген атау да Абыл ұрпақтарына берілген есім» (Алматы: «Жалын», 1993 ж. 42 бет) дейді. Ал, Абыл атамыз Елсау бидің үлкен ұлы Нулының баласы. Бұл дегеніңіз жер бетіндегі барша Түркілердің  өздерінің түп атасын қасқыр асырап, қасқыр емізді деп, одан тараған ұрпақтардың өзін бөрі тектіміз деп санаған аңызынан еш айырмасы жоқ! Міне, біздің бабаларымыздың сонау есі жоқ ескі замандардан бері өздерінің «Қасқыр асырады, Бөріден тарадық» дейтін аңыздарының әлемнің көп еліне тарап, солардың мәдени-рухани дүниесіне азық болып кеткенін байқап отырмыз. Бұл – ақиқат!


Ал, енді «Джагфар тарихы» (Оренбург, 1997 ж. Редакционная коллегия: С.А.Муртазин, Ф.Г.-Н.Нурутдинов, Р.Х.Тимерханов Редакция вестника "Болгар иле", 1997 ж) жазбасының 3-томында ең алғаш «Магул» деген атақты Болгарияның Ұлы патшасы Кубраттың 635 жылы алғанын жазады. Онда былай дейді: «635 жылы Құрбат Түркі қағанатының құлауын пайдаланып, соғыссыз түркілерден көне идельдік иеліктерді (Кискавказье, Поволжье, Сібір және Қазақстан) тартып алып, өзін дереу болгардың қағаны деп, ал өзінің шексіз империясын - Ұлы Болгария деп жариялайды. Қаған болған Кубрат өзінің белгілі шаман есімін сақтап қалды - "Магулы" - "ұлы (ұлы) Қасқыр (маг, мек)". Ол бұл атауды туғаннан кейін алды - мүмкін әкесінің аты Албөри - Патша (ал) қасқыр (Бөрі)" болғандықтан шығар» деген нақты фактіні алға тартады. Міне, біз іздеген «Мұғұл» деген сөздің мағынасы жер бетінен жойылып кетпей сақталып қалғанының куәсі. Бірақ, бұл атауға орыстардың жармасып жүргенін біз бағана жоғарыда жазған едік, енді, олардың да еңбегінен дерек келтіре кетейін. Орыстар бұл атауды өздеріне жармастырмақ ойларының түп негізі Алтын Орда тарихын зерттеуден шыққан құбылыс еді. Себебі, олар әлемді жаулаған мұғұлдардың ұрпағы Алтын Орданы зерттеп, оны өздеріне тарта отырып, бұл – Ұлы Рустің мемлекеті, мұғұл деген атау да Руске тиесілі деген ойды айтып, әлемге бөрідей тиіп, үстем етуші бізбіз дейтін пасықтығы еді. Мысалы, орыстың тарихшылары А. Т. Фоменко, Г.В.Носовскийлардың «Русь и Орда. Великая империя средних веков» атты 2006 жылы Москвада шыққан еңбегінде былай дейді: «Моңғолия атауының шығу тегі туралы ойланамыз. Бұл негізі орыстың «много-көп», «множество-көпшілік», «многочисленное войско-көптеген әскер» сөздерінен шыққан болуы мүмкін. Сонымен қатар, Монғолия сөзі орыстың «Мощь-күш», «мог-мүмкін», «могущество-алып күш», күш (демек, Магог), көпшілік дегені. Ал, НА.Морозов болса, Моңғолия деген, бұл грек сөзі - МЕГАЛИОН, яғни «Ұлы-Великий» деген мағынаны білдіреді дейді. Бірақ, мегалион деген сөздің өзі славян тілінен шыққан много-көп, мог-күштілік болуы мүмкін. Біз Стамбулдағы Хор шіркеуіндегі ескі мозаиканы алып көрдік. Онда Моңғолия сөзі - МУГУЛИОН, яғни мегалион сияқты жазылған. Осы уақытқа дейін Шығыс Ресей Ұлы Ресей деп, яғни Великоросс деп аталады. Біздің гипотезамыз келесідей: "Моңғол" империясы, бұл - ұлы Империя. Яғни, ортағасырлық Ресей мемлекеті дегіміз келеді» дейді. Иә, шынында да «мог» сөзі «мұғ» сөзінен шыққаны рас. Бірақ, орыстар осы атаудың түркінің сөзінен орыстарға дәл солай күштілікті, бөрілікті білдіретін мағынада сіңгенін мойындағысы келмейді немесе мағынасын еш түсінбегені. Олар ол сөзді тек орыстың сөзі ғана деп қабылдап жіберді. Ал, орыстардың 90 пайыз сөзінің құрамы түркілік сөздер екенін сонау 1970 жылдары-ақ Олжас Сүлейменов ағамыз өзінің «Аз и я» кітабында дәлелдеп қойғанын білеміз.


Мейлі, орыстарды қоя тұрайық. Ендігі сөз бұл «Мұғ» тайпалары туралы Еврейлердің Библиясы мен Құранда да айтылатынына мән берейік. Библияда олар Магог және гог деп, ал, құран тілінде Яджудж және Мажудж халқы деп аталады. Яғни, діни кітаптарда бұларды мифтік тайпаларға санайды. Бірақ, құранда айтылғандай Зұлқарнайын осы маг тайпаларымен соғысып, өз елін олардан қорғау үшін екі елдің арасына үлкен бекініс-қорған салады. Бұл бекініс-қорған әлі күнге дейін тарихта «Темір қақпа» деп аталады және Тәжікстанның таулы қыраттарында орналасқан. Сонымен қатар, осы қорғанның салынумен парсы-араптар мен түркілердің шекарасы мәңгілік белгіленгендей болды. Түркі қағанаты кезінде бабаларымыздың «Темір қақпаға» дейін жауладық деп жүргені осы қорған болатын. Ал, осы Яджудж бен Маджудж халықтарының ешқандай да мифтік елдер емес екенін және олардың түркі халықтарының бір бұтағы екенін Әбу Райхан әл-Бируни өзінің «Памятники минувщих поколений» атты еңбегінің 54 бетінде: «Елдер мен қалалардың тарихы жазылған «Джаграфия» және «Жолдар мен елдер» кітабы атты еңбектерде, бұл халықтардың яғни, Яджудж бен Маджудждардың Шығыс түркілердің бір бөлігі екендігі айтылады және олардың бесінші, алтыншы климаттың басында өмір сүретіндігі жазылған» (Перевод М.А.Салье. Ташкент-1957 ж. 54 бет. Академии Наук Узбекской ССР). дейді. Ал, бесінші климатымыз қазіргі Самарқанд қаласы аумағы мен алтыншы климатымыз Қазақтың Маңғышлағы мен Бетпақдала аймағы екені белгілі дүние. Ал, ортағасырлық тарихшы Абд ар-Рашид ал-Бакуви өзінің «китаб талхис ал-асар ваджайб ал-малик ал-каххар» атты еңбегінде: «Иаджудж және Mаджаудж халықтары - Нухтың Ұлы Иафаттың ұрпақтарынан шыққан екі үлкен түрік тайпасы» (пер. З.М.Буниятова Масква. 1971) деп нақтылайды. Тағы да бір ортағасырлық араб тарихшысы Ибн Хордадбектің «Книга путей и стран» атты еңбегінде: Жоғарғы Нушаджаннан тоғызоғыздардың Хакан отыратын астанасына дейін, құнарлы жерлері бар үлкен ауылдар арқылы үш айлық жол. Олардың тұрғындары - түріктер. Олардың арасында отқа табынатын Маг тайпалары (әл-маджус) және дінсіздер (занадик) бар)» (Баку «Элм» баспасы, 1986 г. Перевод с арабского, комментарии, иследование, указатели и карты Наили Велихановой. 65-66 беттер) деген дерегіне қарасақ та түріктер арасында осы «мұғ» атауымен аталатын кейбір рулардың қалып кеткенін байқаймыз және оларды арабтардың Әл-Маджус – Маджудж деп құранда аталған атаумен атайтынын жазады және осы сөз арқылы олар біздерді Мажусилер деп атап кетті. Міне, Яджудж – Маджудж деп аталған мұғ тайпаларының түркілер екендігіне бұдан артық қандай дәлел керек?! Арабтар бұларды отқа табынушылар дейді. Иә, біздің бабаларымыз от пен күнге табынғанын ешкім жоққа шығара алмайды, ол тарихи шындық қой. Әлі күнге дейін жаңадан келін түскенде отқа май құйып, жас келінді аластатанымыз сол бабаларымыздан қалған салт-дәстүрдің жұрнақтары еді.


Ал, енді осы жерде тағы да Әбу Райхан әл-Бируниға сүйене отырып, әлемге Шыңғысхан басқарған мұғұлдардың келетіні жайлы қызықты деректі келтіргім келіп тұр. Абу Райхан әл-Бируни өзінің жоғарыдағы «Памятники минувщих поколений» еңбегінің 219-220 беттерінде: «Заратуштрадан кейін 1500 жылдан соң бүтін билікке магтар (мұғұлдар) келеді. Абу-Абд-Аллах-аль-Ади магтардың келетініне сеніп, жұлдыздар мен планеталардың бірігуі арқылы болжам жасаған. Оның болжамынша Мұхаммед пайғамбардан кейінгі планеталардың 18-ші бірігуінде Магтардан бір адам келеді. Ол барлық жер шарының билігін қолына алады. Ол арабтардың және басқалардың патшалықтарын жояды, елдерді бір дінге біріктіреді, бір билікке топтастырады, жауыздықты жояды деп болжам жасаған екен» (Перевод М.А.Салье. Ташкент-1957 ж. 219-220 беттер. Академии Наук Узбекской ССР) деген дерегі біз үшін нағыз бастаухаттың өзі болмақ. Яғни, Мұғтардан бір адам келіп әлемді жаулап, бір дінге, бір билікке бағындыратын адам – Шыңғысхан болғанына еш күмәнім жоқ. Міне, Заратуштра б.д.д 600-500 жылдары өмір сүргенін ескерсек, одан кейінгі 1500 жыл Шыңғыстың дәуірі екеніне және мұғұлдардан шығатыны туралы айтқаны біздің еш күмәнімізді келтірмейтін ақиқат еді. Әрине, сол кездегі жұлдызшылар 100-150 жылға қателескенімен әлемге мұғұлдардың шыққаны рас қой?! Кез-келген көріпкелдің құдай емес екенін және оның да қателесуге қақысы бар екенін бәріміз білеміз. Бұған Әбу Райхан әл-Бируни: «Оның айтқан уақыты тек аль-Муктафи және аль-Муктадирге келеді, сондықтан аль-Адидің болжамы орындалған жоқ» - деп сенбеген екен. Бірақ, ол жұлдызшының айтқаны орындалды, маг-мұғтардан, яғни, магул- мұғұлдардан шыққын бір адам – Шыңғысхан – бүкіл әлемді жаулады. Шыңғысханның «Мұғ» деп аталатын тайпадан шыққаны, түбінің түркі екеніне енді осы деректерден соң ешкім дау айта алмас деп ойлаймыз. 


Мұғ деген сөз біздің қазіргі қазақ сөздерінің ішіне жұрнақ жалғана отырып, өз мағынасынан алшақтаса да онша алшақтамай жетіп отыр. Мысалыға, «мықты» деген сөздің негізі де осы түбірден келіп шығады. Өйткені, «мұғ» сөзі қасқырды білдірсе де, уақыт өте келе бөрідей күшті, қайсар деген сөзге мағынасы ауып кеткенін байқаймыз. Мына бір мақалаға да көз салып көрейікші. Биболат Сәтжан деген кісі 2018 жылы 14 тамызда «Ақмешіт апталығы» сайтында «Мық деген сөз нені білдіреді» атты мақала жариялапты. Осы мақалада: «Қазақ топырағында мық, мұқыр деген жер-су аттары кездеседі. Оларды мәңгілікке жоғалған мықтар немесе мүкрилер тайпасы деседі. Сыр өңірінде де «мық» деп аталатын төбе де бар. Арал ауданы аумағындағы бұл жерді белгілі ақын Мешітбай Құттықов өз шығармаларында суреттеген. Белгілі этнограф, шежіреші, тарихшы Жағда Бабалық өзінің бір жазбаларында 1973 жылы Мәскеудегi орталық кiтапханада Мәшһүр Жүсiп Көпеевтiң араб қарпiмен жазған өз қолжазбасын тауып алған екен. Онда «Арқада мық деген халық болған» деген сөздi оқығанда ерекше толқығандығын келтіреді. «…Бiрден көшiрiп алдым да, Әлкей Марғұланға алып келдiм. Мән-жайды түсiндiрдiм. Ол кiсi ойланып отырды да: «Иә, мықтың үйi дегендi бiлемiн, бiрқаншасын қазып та көрдiм, астында адамның сүйегi жатады, мола екен», дедi. Сондай-ақ, Әлкей Марғұлан «Мықтың үйі» аталып кеткен қорымдарға ұқсас зираттар Енисей өзенінен бастап Дунайға дейінгі аралықта көп екендігін айтады. «Мықтың үйі» моңғол мемлекетінің аумағында, Оңтүстiкте, Орта Азияда, яғни Тәшкен ойпатында кездесетін көрінеді. «Үй» деп шығыста зиратты да айтатыны бар» деген жазбасына қарасақ та бәрі де «мық», «мұғ» деген бір кездері елдің өмір сүргендігін дәлелдейді. Сонымен бірге, Жетпісбаев та өзінің жоғарыда біз айтқан мақаласында «Мұғтың үйі» деп молаларды айтатынын жазған. Ә.Марғұлан да соны айтып отыр. Ал, бұл сөз қазіргі кезде орыс халқына сіңіп, оларда осы «мұғүй» сөзінен «Могила» сөзі пайда болды, яғни, «мола», «мүрде», «қабір» деген сөздердің баламасы болып енді. Бірақ, ешқайсысы да осы «мұғ» тайпасының мәні мен мағынасын және олардың бүкіл Еуразия даласында өмір сүргендігін біле алмаған. Себебі, бұл тайпалар өте ертеде, тіптен Сақтардан да бұрын өмір сүрген болуы да мүмкін біздің бабаларымыз еді. Қазіргі Ақтөбе облысындағы Мұғалжар деген тау атының да осы мұғ тайпасынан қалған атау екені белгілі. Яғни, таудың «Бөрінің жары» деген мағына беретінін ұмытып та кеткенбіз.


Енді соңғы дерек, ортағасырлық ғұлама, ақын Әлішер Науаиидің ғазалдарынан бір шумағын келтірейін:


Мальчик-маг, когда пируют люди знанья в кабачке,

    чашу первую ты должень поднести безумцу, мне.

Аудармасы:

      Сиқыршы бала, білімдар адамдар тойханада тойлағанда,

  Бірінші кесені, сен мына маған әкелуің керек.

(Алишер Навои. Сочинение в 10 томах. Издательство «Фан» Узбекской ССР. Ташкент 1968 г. 1-том. 11 бет) 


Ал, енді осы жерде айтқым келген ойым, қазіргі тілде «маг» сөзі Геродоттың сөзімен орыстарға еніп, «Маг, магия – сиқырлау» деген сөзге айналып кеткен. Яғни, орысшаға аударсаң «Сиқырлау» деген мағынамен аударылады. Бұл қазіргі мағынасы деп түсініңіздер. Сонда сол кезде Түркінің ғұламасы үшін бүл сөз сиқырлау деген мағына берді деп ойлайсыздар ма, әлде, Әлішер ақын оның мағынасын білмеді деп ойлайсыздар ма? Әлішер Науаии оның мағынасын бізден жақсы білді. Сонда өлең: «Сиқыршы бала емес, Бөрі бала, бөрі текті рухты бала» деген мағынада айтып, яғни, түркілердің рухын көтеріп тұрғанын сезуге болады. Ал, Әлішер Науаиидің өзінің барлық өлеңдерін тек түркі тілінде, ана тілінде жырлаған ақын екенін ойға алсақ, онда ол түркі сөздерінің мәні мен мағынасын өте жақсы білген ортағасырлық түркіден шыққан ғұлама екеніне шек келтіре алмаймыз.




Сонымен ойымызды қорыта айтар болсақ, 13 ғасырда әлемді қойға шапқан қасқырдай талапайға ұшыратқан Шыңғысхан бастаған мұғұлдардың ешқандай да бөтен ел емес, өзіміздің Мұғ, Сақ, Ғұн секілді көне бабаларымыздың ұрпақтары екенін шындықпен айту еді. Тарихты жете зерттемегеннен осы уақытқа дейінгі мұғұлдарды гректердің сөзімен «маг, мог, магол, могол» деп атадық. Ең жаманы кейінгі тарихшылар «Мың қол», «Мәңгі ел» деген сияқты атаулармен шатастырып, оларды қазіргі көзі қысық, сөзі қисық Манғолия мемлекетінде отырған Манчжурлардың ұрпағына теліп келдік. Бұл - көшпенділер десе төбе шашы тік тұратын орыстар мен европа ғалымдарының бізді, түркі баласын быт-шыт қылып таратудың амалдары болатын. Ең бастысы, өзіміздің ата-бабаларымыз салған сара жолдан айнымай, өз тарихымызды қайта жазуға мүмкіндік алдық. Осындай мүмкіндіктер туындап тұрған уақытта көне түркі сөздерінің, әсіресе, халықтың атауына айналып кеткен сөздерді жете зерттеп, мағынасын ашып алғанымыз дұрыс дер едім. Бұл біздің ертеңгі болашағымыздағы жас ұрпақтың алдында бетіміз ашық, жүзіміз жарқын болатұғұн істердің бір парасы болар еді. «Мұғ-мұғұл», «маг-магия», «мог-мощ», «мық-мықты», «Магог-гог» сөздерінің барлығы да осы «Мұғ» сөзінің баламасы болғанын және де «Мұғ – Бөрі» сөзінің синонимі екеніміз айтқымыз келеді. «Мұғ ұлдар – Бөрі ұлдары» деген – біз  үшін нағыз рухты атау! 


Біз - әлемді жаулаған түркінің ұрпағымыз!   


Асылжан Дулати

ҚР Журналистер Одағының мүшесі,

Жамбыл облыстық

Ш.Мұртаза атындағы

руханият және тарихтану

орталығының бөлім басшысы

                                


Пайдаланылған әдебиеттер:


  1. Мекемтас Мырзахметов «Тұранның ұлы қағаны» «Ақ жол» газеті, 2001 ж 10 наурыз 
  2. Абу Райхон Бируни «Памятники минувщих поколений» (Перевод М.А.Салье. Ташкент-1957 ж. 205 бет. Академии Наук Узбекской ССР).
  3. Геродот «Скифия» (Киев, Фирма «Довира» 1992 ж)
  4. Саидмурод Бобомуллоев пен  Насрулло Убайдуллоевтың «Таджики в исторических источниках и трудах исследователей» (Душанбе, 2018 ж, «Дониш» 21 бет)
  5. Абу Райхон Бируни «Индия» (Москва. Научно-издательскии центр «Ладомир» 1995 ж. 66 бет). 
  6. Хамза Көктәнді «Алтын төркін» 1-кітап, Алматы «Қасиет» баспасы 2020 ж.  252-253 беттер
  7. Уахит Шалекенов «Орталық Азиядағы Ариилердің өркениеті» Алматы «Қазақ университеті» 2011. 7-9 беттер, 21-22 беттер.
  8. «Протоколы заседаний и сообщений членов Туркестанского кружка любителей археологии. Историко-культурные памятники Казахстана. Авторы предисловия и составители М.Елеуов, М.Бахтыбаев. Туркестан: «Туран», 2001 г. Жетпісбаев 1900 г. Ташкент «Слово «Муг», курганы и каменная баба».  219-222 беттер
  9. Бахши Иман «Джагфар тарихы». (2-том. Редакция вестника «Болгар иле», 1994. 1997. 62 бет).
  10. Әлкей Марғұлан «Қазақ халқының эпикалық жырлары, мифтері, ертегілері, аңыз әңгімелері» (Ә.Марғұлан шығармалары, 3-том, «Алатау» баспа-полиграфиялық корпорациясы. Алматы 2007. 100-102 беттер)
  11. Бахши Иман «Джагфар тарихы 2-том. Ответственные редакторы Ф. Г.-Х. НУРУТДИНОВ и Р. Ш. ШАРИПОВ Редакция вестника «Болгар иле», Оренбург 1994. 1997. 68 бет).
  12. Қазыбек бек Тауасарұлы өзінің «Түп-тұқианнан өзіме шейін» Алматы: «Жалын», 1993 ж. 42 бет
  13. Бахши Иман «Джагфар тарихы» 3-том. Оренбург, 1997 ж. Редакционная коллегия: С.А.Муртазин, Ф.Г.-Н.Нурутдинов, Р.Х.Тимерханов. Редакция вестника "Болгар иле", 1997 ж) 
  14. Носовский Глеб Владимирович «Русь и Орда. Великая империя средних веков»,  2006 ж,  Москва
  15. Абу Райхон Бируни «Памятники минувщих поколений» (Перевод М.А.Салье. Ташкент-1957 ж. Академии Наук Узбекской ССР. 54 бет.).
  16. Абд ар-Рашид ал-Бакуви «китаб талхис ал-асар ваджайб ал-малик ал-каххар». пер. З.М.Буниятова Масква. 1971г.
  17. Ибн Хордадбек «Книга путей и стран». Баку: «Элм» баспасы, 1986 г. Перевод с арабского, комментарии, иследование, указатели и карты Наили Велихановой.  65-66 беттер.
  18. Абу Райхон Бируни «Памятники минувщих поколений» (Перевод М.А.Салье. Ташкент-1957 ж. 219-220 беттер. Академии Наук Узбекской ССР).
  19. Биболат Сәтжан «Мық деген сөз нені білдіреді»,  «Ақмешіт апталығы» сайты. 14 тамыз 2018 жыл
  20. Алишер Навои. Сочинение в 10 томах. 1-том. Издательство «Фан» Узбекской ССР. Ташкент 1968 г. 11 бет