04 қаз, 2020 сағат 10:20

Мұғалім үшін ең құнды нәрсе - оқушыларының сыйластығы мен естеліктері – ұстаз

Мұғалімге деген құрмет оның кәсіби шеберлігі мен жеке қасиеттерінің нәтижесінде қалыптасады. Бұл туралы ойымен 50 жылдық ұстаздық тәжірибесі бар алматылық мұғалім, ҚР Білім беру ісінің үздігі Раушан Тоқбаева бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Раушан Тоқбаева - Шығыс Қазақстан облысының тумасы, көпбалалы отбасында мұғалімдік жолды таңдаған жалғыз бала. 

«1968 жылы мектеп бітірдім. Анам ылғи айтып отыратын, мамандықтардың ішіндегі ең жақсысы мұғалім болу деп. Қарапайым, көпбалалы отбасынан шыққанмын. Ата-анам ауылда шаруашылықпен айналысатын. Институтқа түсетін уақыт келгенде анамның кеңесімен мұғалімдікке түстім.

1968 жылы арман қуып Алматыға келдім. Сол жылы Қазақ Қыздар педагогикалық университетіне «орыс тілі мен әдебиеті мұғалімі» мамандығына бағым жанып оқуға түстім», - деді ол.

Тәжірибелі педагог сол кезде ең іргелі, ең терең білімді, өз ісінің мамандарынан терең білім алғанын айтты. 

«Институтта оқып жүрген кезімізде Алматының мектептерінде тәжірибеден өтетінбіз. Барлық теориялық білімімізді тәжірибе жүзінде жүзеге асыруға мүмкіндік болды. Институтты бітірген соң мен туған жеріме оралдым.

Көкпекті ауданынан 75 шақырымда Үлгілі малшы ауылына Абай атындағы мектепке мұғалім боп келдім. 1972 жылдан еңбек жолым басталды», - деп жалғады әңгімесін.

Өмір ағыны Раушанды өз мектебіне әкелді. 22 жасында ол өз оқыған мектебіне оқу ісінің меңгерушісі болып оралған.

«22 жасымда мен тұрмыс құрдым. Отағасының көшпелі қызмет бабына сәйкес жиі жұмыс ауыстыруыма тура келді. «Буконь» ауылына мұғалім болып бардым, одан аздан соң аудан орталығына келдік. Сол жылдары мұғалімдер аудандарды аралап ағарту жұмыстарын жүргізетін. Мен де солардың қатарында болдым. Құрмет тақтасында ауданның үздік мұғалімі деген атым тұрды», - деді кейіпкер.

Жас маман 1984 жылы отбасымен Алматы облысына көшіп келген.

«Қаскелең ауданындағы «Береке» ауылында менің мамандығым бойынша бос орын жоқ еді. Еңбек өтілім жоғалмауы үшін бастауыш сыныпқа сабақ бердім», - деді ол.

Алматы облысында Раушан Тоқбаева өзінің біліктілігі мен кәсібилігінің арқасында мектеп директорының орынбасары қызметіне, 1992 жылы директордың бірінші орынбасары қызметіне тағайындалған.

2000 жылы Қазақстанда жаңа оқу стандарты жасалған еді. Бұл процеске елдегі ең білікті ұстаздар қатысқан. Раушан Тоқбаева да еңбегі сіңген педагог ретінде осы маңызды құжатқа өзгерістер мен толықтырулар енгізуге белсене атсалысқан.

Оның айтуынша, бұрын мұғалім мәртебесі өте биік болған.

«Біздің заманымызда мұғалімді өте сыйлайтын. Ол кезде біз кітап тапшылығынан бастап барлық қиындықты бастан өткеріппіз. Ол кезде қазіргідей интернет жоқ. Қазір немерелерімді оқыта отырып, білім беру саласында көп өзгеріс барын байқаймын. Балалар бірінші кластан бастап ағылшын тілін оқиды. Меніңше, бұл бала үшін тым ауыр болады. Өскелең ұрпақта тіл мәдениеті қалыптасуы керек. Олар бірінші кезекте қазақ және орыс тілдерін меңгеруі керек. Шет тілін 4 кластан енгізуге болады», - деді ол.

Құрметті еңбек демалысына келген кезде мектеп ұжымы Раушан Хасенқызынан қатардағы пән оқытушысы боп қалуын өтінген. Осылайша тәжірибелі ұстаз тағы 5 жыл балаларды білім нәрімен сусындатқан.

Биыл Раушан Тоқбаева 70 жасқа толады. Осы жасына дейін блокнот пен қаламсабы қолынан түспейді.

«Мен кейде өлең жазамын. Ән айтамын. Түрлі тақырыптарға эссе, рецензия жазып тұрамын»,- деді ол.

Мұғалім ешқашан баланы қорқытып құрметті бола алмайды. Ол тек жеке қасиеттері мен кәсіби шеберлігінің арқасында оқушылардың есінде қалады.

«Мен ешқашан оқушыларға екілік қоймаппын. Егер балада қиындық болса, жағдайын білуге тырысатынмын. Біздің ауыл кішкентай. Адамдар барлығы бірін бірі таниды. Көпшілік отбасында не болып жатқанын білемін. Балалармен ашық сөйлесуге тырысатынмын. Оқушылармен кездесуге жіті дайындалатынмын. Себебі, олардың кез-келген сұрағына жауап беруім керек»,- деді ол.

Раушан Тоқбаева 49 жыл мұғалімдік еткен. Ұстаздық ғұмырында бірнеше алғыс хаттармен марапатталған, Білім беру ісінің үздігі атанған. 

«Менің оқытқан 16 оқушым Алтын белгі иегері атанды. Көптеген оқушыларым өз ісінің маманына айналды. Аделия Амраева деген оқушым қазір балалар жазушысы. Физика пәнінен Мейіржан мен Руслан Баймахановтар Болашақ бағдарламасымен шетелде оқып келді. Олардың барлығы өмірден өз жолын тапқанына қуанамын», - деді ұстаз.