24 қаң, 2021 сағат 18:35

Мозамбиктегі сұрапыл дауыл: 4 мың үй қирап, 160 мыңнан астам адам зардап шекті

Элоиза дауылы жайпап өткен Мозамбиктің орталық бөлігіндегі бірқатар аудандар және портты қала Бейра су астында қалды. Сұрапыл желдің жылдамдығы сағатына 160 шақырымға жеткен, деп хабарлайды ВВС.

Мозамбик Ұлттық метеорология институтының (INAM) мәліметіне қарағанда, Бейрада 24 сағаттың ішінде 250 мм нөсер жаңбыр жауған. 

Жергілікті билік пен агенттік зардап шеккендерге көмектесу үшін келген шығынның мөлшерін есептеуде және жарықсыз қалған бірнеше ауданда электр желісін және байланыс жүйесін қалпына келтіруге әрекеттенуде.

Жергілікті биліктің айтуынша, төрт адам қаза тапқан.

Мозамбикің екінші қаласы Бейраның тұрғындары да үйлерін судан тазартып жатыр.

Ұлттық институттың өкілі Антонио Белезаның айтуынша, мың үй тұтастай қираған, тағы үш мыңы қатты бүлінген. Сондай-ақ 160 мыңнан астам адам зардап шеккен.

Дауыл ағаштар мен электр бағандарын құлатып, жарнама қалқандарын ұшырып әкеткен.

Осы аумақтағы бірнеше өзен арнасынан асты. Мозамик орталығындағы аудандар су астында қалды.