Облыстық кітапханада ҚазССР-нің халық әртісі Рүстембек Омаровтың 100 жылдығына арналған «Жастық шақ» атты І халықаралық дирижерлер шеруінің өткізілуіне байланысты баспасөз мәслихаты өтті, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
Жиынға Қазақстанның түкпір-түкпірінен және алыс-жақын шет елдерден арнайы шақырылған дирижерлер қатысты. Олардың бірі – көптеген халықаралық байқаулардың лауреаты, әлемдік деңгейдегі музыкант, солист, композитор, «Күміс ағаш» иегері Чинбат Орхонбаатар Ертіс өңірінде өтетін фестивальде бүркітші қыз Айшолпанға арнаған туындысының тұсауын кесуді жоспарлап отырғаны туралы жаңалықпен бөлісті.
«Қазақстанға, Павлодар өңіріне алғаш рет келгеніме өте қуаныштымын. 2012 жылы Павлодар қаласының оркестрі Талғат Кәрімовпен бірге Сеулде оқыған кезде танысқан едік. Бүгінгі кездесу сол достықтың жалғасы десе болады. Ертең сиырдың мүйізінен жасалған моңғол халқының үрмелі аспабы - эвэр-бурээ және қазақ халық аспаптары оркестрімен өнер көрсетемін», - дейді Чинбат Орхонбаатар.
Сондай-ақ, классикаға айналған Монтидың Чардаш деген шығармасын ойнаймын. Бұл фестивальге арнайы аты әлемге танылған бүркітші қыз Айшолпанға арнаған «Бүркітші қыз» деген шығармамды жазған едім және сол төл туындымды көрермен қауымға ұсынамын.
Композитор Рүстембек Омаровтың шығармашылығымен жақсы таныс екенін және халық аспаптар оркестрінің құрылуы туралы біраз зерттегенін айтады. Өнер иесі Жапония, Корея, Германия елдеріне шақырту алған және Мендельсон концертінің қатарынан үш бөлімінде тарихта алғаш эвэр-бурээ - моңғол ұлтық аспабында ойнаған. Алтай Республикасы мемлекеттік оркестрінің көркемдік жетекшісімен бірге келген 26 жастағы музыкант Добрыня Сатин фестивальде алтай тақырыптарында попури және салтанатты «Алтай» сюитасын орындайтынын айтады. Авторы - Владимир Кончев.
«Рүстембек Омаров оркестрі бізді өте жақсы қарсы алды және олардың Алтай халқының мәдениетімен танысуға деген қызығушылығы зор. Әлбетте, біз көне алтай әнімен, икили, амыргы, топшур, комыс ұлттық аспаптарда ойнаудың құпиясымен бөлісеміз. Барынша ұлттық этникалық аспаптарды, мәдениетімізді, батырлар эпостарынан үзінді көрсеткіміз келеді»,- дейді Добрыня Сатин.
Бұдан басқа, фестивальде Ресей мен Қырғызстанның, Моңғолия мен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері, мәдениет саласының үздіктері Халықаралық конкурстардың лауреаттары Владимир Кончев, Бақыт Тілегенов, Жанас Бекентұров, Әли Алпысбаев, Дәурен Глымов, Назымбек Молдахметов, Талғат Кәрімов, Еркін Нұрымбетов, Нұрлан Төкейұлы, Әсем Сембина өнер көрсетеді. Еске сала кетейік, Моңғолияда құсбегілікпен айналысатын қазақ қызы Айшолпан Нұрғайып жайлы түсірілген деректі фильм «Оскар» киносыйлығының шорт-парақшасына енген.
Ол осыдан бірнеше жыл бұрын бүркітшілер арасында ұйымдастырылған үлкен жарысқа қатысқан соң танымал бола бастаған.