11 ақп, 2021 сағат 17:18

Моңғолия астанасында 12 күндік қатаң карантин басталды

Моңғолияның Ұланбатыр қаласында бүгін, 11 ақпан жергілікті уақытпен таңғы сағат 6-дан бастап қатаң карантин жарияланды, деп хабарлайды МОНЦАМЭ агенттігі.

Қалада көлік мен адамның жүруіне тыйым салынған, қозғалыс 90 пайызға қысқартылды. Бұл - Ұланбатырда коронавирустың таралуын тоқтату үшін қабылданған үшінші қатаң карантин. 

Карантин кезінде «Бір пәтер – бір тест» акциясы ұйымдастырылып, коронавирус жұқтырған науқастармен тікелей немесе жанама байланыста болған адамдар анықталып, оқшауланады. Күн сайын 35-40 мың адам COVID-19-дың бар-жоғын анықтайтын тест тапсырады. 

12 күндік карантин кезінде стратегиялық мекемелер мен 14 сала қызметін жалғастырады. 

Сондай-ақ билік өкілдері ай күнтізбесі бойынша келетін ұлттық жаңа жылы Шаған (Цагаан сар) мерекесін тойлауға тыйым салды. Биыл бұл мереке 12 ақпанда басталады, бірақ ел ішінде коронавирус тарап жатқандықтан Моңғолия екінші жыл қатарынан бұл дәстүрлі мерекені тойламайды. Былтырғыдай қала және провинция тұрғындары мерекені үйде отбасымен ғана атап өте алады. Мерекені атап өтуге арналған іс-шараның бәрі тоқтатылды.