«Модильяни» фильмінде Пикассо Модильяниден «Сен неге мені сонша жек көресің?» деп сұрайды. Сонда әйгілі суретші Модильянидің жауабы: «Мен сені неге жек көруім керек? Мен біреуді жек көрсем, ол – өзім».
Негізі, шын талантты, табиғаттан ерекше жаратылған талант иелері әрқашан өзімен-өзі бәсекелеседі, өзіне көңілі толмай, өзін-өзі жек көреді. Әр таланттың өмір жолы әртүрлі ғой. Біреу көзі тірісінде бағаланып, атақ пен абыройға бөленіп, бай-бақуатты тұрса, біреудің жолы болмай, кедейшіліктен көз ашпайды. Пикассо – көзі тірісінде бағаланған суретші. Ал қырсық, қоғаммен ымыраға келмейтін, келе алмайтын Модильянидің өмірінің өзі – шым-шытырық сурет еді, тағдырдың картинасы.
1884 жылы 12 шілдеде Амедео Модильяни дүние есігін ашқан күні әке-шешесінің «дүниеге ұл келді» деп қуануға шамасы келмеді. Бұған дейін жақсы табыс тапқан инженер үлкен қаржылай қиыншылыққа ұшырап, төртінші баласын әйелі босанып жатқанда үйіне соттан адамдар келіп, дүние-мүлкін тәркілейді.
Париж – талай дарынды суретшіні әлемге танытты, талай талантты жұтып жіберді. Бұл – өзі сондай сұлу және таланттарға қарап, ажал езу тартып тұратын қала. Париж тәкаппар, асқақ, талантты Модильянидің өмірімен ойнады, әлде керісінше, суретші ажалмен ойнап жүрді. Анасы жиі ақша салып тұрса да, Модильяни жоқшылықтан көз ашпады. Ол көптеген таланттар секілді ақша үнемдеуді білмеді. Модильяни кімге қарыз болмады? Ақшасын төлей алмаған суретшіні пәтер иелері талай рет қуып шықты. Олар ақысына суретшінің картинасын алып қалды. Суретші біраз уақыт арзан қонақүйлерде тұрды. Қонақүйдің ақшасын төлемей, қожайынын зар қақсатып, қашып кеткен суретшіні көз алдыңызға елестетіңізші. Кафеде ішіп, қарыз болып қалған кезде де картинасын сыйға тартты. Кафе иесіне картина емес, ақша керек еді. Бұрқылдап жүріп, суретшінің «біртүрлі» картинасын алатын.
Ол өзінің еркіндігін шектеген әлемге өкпелі еді. Ол өзін өз қоғамына керек тұлға сезінді. Оның таланты, шығармашылық потенциалы тиын есептейтін пәтер мен қонақүй иелеріне керек емес еді. Қонатын жері болмаған кезде қаңғыбастарға қосылып, қаңырап қалған ғимараттарда түнеді. Оны достары қалжыңдап, «қаңғыбас» деп атады. Еркелетіп «Моди, біздің Моди» деді. «Моди» француз тілінде «қарғыс атқан» деген мағынаны береді. Адамның тағдырына есімі әсер ететіні – әлдеқашан ғалымдар зерттеген ақиқат. Бәлкім, кім біледі, қарғыс атқыр осы лақап есімі оның жоқшылықтан көз ашпай, сәтсіздікке жиі ұшырауына себеп болды ма екен?
Десе де, оның өміріне сәуле түсіріп, оның шығармашылығын түсініп, қолдаған адамдар да болды. Дәрігер Поль Александр сурет өнерін қатты жақсы көретін. Модильянидің картинасын сатып алып, суретшіні қуантып тастайды. Дәрігер бір үйіне үйсіз-күйсіз жүрген талантты суретшілерді кіргізіп, олардың шығармашылықпен еркін айналысуына жағдай жасады. Табиғатынан жалғыздықты сүйетін, жалғыздықта сурет салатын Модильяни көбіне суретшілермен келіспей, жанжалдасып қалатын. Әрине, ішіп алған сәттерінде бәрінің суретіне баға беріп шығатын. Оның «шынайы бағасы» оларға ұнамайтын, әрине. Бірде тіпті қатты қызып қалып, үйдегі мүсіндерді теуіп, картиналарды лақтыра бастайды. Модильяниді бәрі сүйреп, далаға шығарып тастайды.
Далада кейде баратын жері болмай қонса, кейде ішіп алып, есін білмей ұйықтап жататын. Жаны тыныштық таппай басын тауға да, тасқа да ұрған суретші наша да шекті. Кейде тыржалаңаш көшеде ұйықтап жатты. Қаңғып жүрсе де, суретші талғаммен киінетін. Сұлу, сымбатты суретші әйелдермен тез тіл табысатын. Кедейшіліктен көз ашпай, қаңғып жүрсе де, әйелдердің жүрегін жаулаудан оның алдына ешбір суретші түсе алмады.
Тентек суретшінің өмірінде көп әйел болды, өте көп әйел. Модильяниге әйелдер тез ғашық болатын. Замандастары: «Модидің не сиқыры барын, оны көрген әйелдер одан көз ала алмайтын» деп жазады.
Ағылшын ақыны Беатрис Хастингс Модильянидің сезіміне сезіммен жауап беріп, оның шығармашылығында үлкен рөл ойнады. Екеуі шығармашылық туралы әңгімелесіп отырып, бірге шарап ішетін. Соңы жанжалмен, төбелеспен аяқталатын. Екеуі қолдарына не түссе, бір-біріне лақтырып, ұрып, үйдің ішін астан-кестен ететін. Бір-бірін азаптап, қинап жақсы көрген олар өз сезімдерін «махаббат» деп түсінді. Модильяниден әбден шаршаған Беатрис қашып кетеді. Модильяни шарқ ұрып, Париж көшелерінен Беатристі іздеді. «Қайтып келетін шығар, ол мені шын сүйеді» деп өзі сүйген, өзінен бес жас үлкен әйелді ұзақ күтті. Өзі салған Беатристің портреттеріне сағына қарап, уақыт өткізді. Бірақ олар бұдан кейін ешқашан кездеспеді.
Болмысы қарама-қайшылыққа толы, «мен өмірде біреуді жек көрсем, ол – өзім» дейтін суретші өмір бойы өзін іздеді. Анығы, өмірдегі өзін, шығармашылықтағы өзін іздеді. Бәрінен тез жалығатын суретші айлап сурет салмай, ешкіммен араласпай, төсектен тұрмай, үйден шықпай, жата беретін. Сондай күндері оны бір жан іздеп келетін. Мынау жалған өмірден, болмысы жасанды адамдардан жалыққан суретшіні ол ғана түсінетін. Ол – Модильянидің музасы Жанна еді. Өзі айтқандай, «таза, пәк Жаннаны сүймеу мүмкін емес» еді. Жаннаның әке-шешесі қыздарының евреймен тағдырын қосқанын қаламады. Он тоғыз жасында Жанна әке-шешесінің қарсылығына қарамастан, үйсіз-күйсіз Модильянимен бірге кетеді. Жанна қаңғыбас, қырсық суретшіні сүйгені сондай, онымен бірге болу үшін бүкіл қиыншылыққа төзеді.
Модильяни болған кафелерде төбелес болатын. Ішіп, қызып қалған Модильяниге төбелесуге сылтау табылатын. Әйтеуір ол кафе, барлардан төбелессіз қайтпайтын. Француз тілін жақсы меңгерген, бірақ акцентпен сөйлейтін Модильяниді көпшілік «итальяндық болар» деп ойлайтын. Ол Италияда туып-өсті. Француз тілін анасынан үйренді. Өзі өмір сүріп жатқан қоғамның еврейлерге деген жеккөрініш сезімі оның еркіндігін шектейтін. Қырсығып, кейде ешкім сұрамаса да, өзін «Модильяни – еврей» деп таныстыратын. Талантын танығысы келмейтін, мойындағысы келмейтін әлемге өкпелі еді.
1918 жылы екеуінің қызы өмір есігін ашты. Кішкентай сәби рухани тоқырауға ұшыраған әкесінің өміріне сәуле шашты. Ол шабыттанып, сурет салды. Өмірге құштарлығы оянып, Жанна мен сәбиінің алдындағы жауапкершілігін сезінгендей болды. Некелерін қиып, Жаннаны қуантқысы келді. Бірақ... ол ойы іске аспады. Туберкулез дерті асқынып, суретшіні төсекке таңды. Суретші отыз бес жасында көз жұмды. Модильяниді жерлеген сәтте Жаннаның көзінен бір тамшы да жас шықпады, ол үнсіз тұрды. Себебі, ол іштей бір сұмдық шешімге келіп еді. Жанна сүйіктісі Модильяни көз жұмғаннан кейін бір күннен соң өзіне қол жұмсады. Ең өкініштісі, Жаннаның құрсағындағы сәби тоғыз айлық еді. Жазғыра алмайсың және жазғыруға тиісті де емеспіз... Әйгілі суретші Модильянидің музасы болу – оның бақытты һәм азапты тағдыры еді. Модильянидің жиырма бес картинасының «кейіпкері» – Жанна.
Өнертанушылар «Модильянидің шығармашылығын кубизм не фобизм ағымына жатқызуға болмайды, ол экспрессионизм ағымының өкілі» дейді. Десе де, суретші Парижге алғаш келген кезінде алғашқы картиналарын сол сәтте «сәнде болған» кубизм ағымымен салғаны анық.
Неміс суретшісі Людвиг Мейднер Модильяниді «Біздің Моди жоқшылыққа ешқашан бас қатырмаған ең соңғы богема. Ол – тым еркін еді» деп жазады. Модильянидің қай суретін алсақ та, мысалы, «Қалыңдық пен күйеу», «Еврей қызы», «Мадам Помпадур», «Балалы сыған әйелі» – бәрінде суретшінің жан дүниесінің еркіндігі байқалады. Иә, Модильяни – өмірде де, шығармашылықта да еркіндігін жоғалтпаған суретші.
Аягүл Мантай, Мәскеу
"Айқын" газеті