Өзбекстан президенті коронавирусқа қарсы вакциналауды тездетуді бұйырды. Бұл туралы ел президенті Шавкат Мирзиёевтің төрағалығымен өткен видеоселекторлық кеңес қорытындыларын шығару кезінде белгілі болды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Тұрғындарға коронавирусқа қарсы вакцина енгізуді бастау қажет. Денсаулық сақтау министрі мен Санитарлық-эпидемиологиялық ахуал және қоғамдық денсаулық қызметінің басшысы бірінші кезекте вакцина егілуі тиіс тұрғындар санатын анықтап, электрондық тізім құруы тиіс», - деді Өзбекстан президенті.
Шавкат Мирзиёев сондай-ақ қосымша мобильдік топтар құруды тапсырды.
«Отбасылық емханалар мен ауылдық дәрігерлік пунктерде вакциналаудың 3 мың бөлімшесін даярлау қажет. Сондай-ақ, тұрғындарға вакцина егумен айналысатын мобильдік бригадалар құру керек», - деп түйіндеді ол.
Еске сала кетсек, бұған дейін Санитарлық-эпидемиологиялық ахуал және қоғамдық денсаулық қызметінің басшысы Ботиржон Құрбанов Өзбекстан билігі 2021 жылдың соңына қарай ел тұрғындарының 20 пайызын коронавирусқа қарсы вакциналауға ниетті екенін мәлім еткен. Оның сөзінше, жаппай вакциналауды бастау ақпан айының соңы, наурыздың басына жоспарланған.
«Вакциналау процесі бүкіл Өзбекстанды қамтиды, бірақ ол кезең-кезеңмен өтеді. Бірінші кезеңде Pfizer вакцинасының 100 мың дозасына тапсырыс берілді, тағы басқа лицензияланған вакциналар пайда болған жағдайда, олар да пайдаланылады», - деді Құрбанов.