Минскіде 1 қарашада болған жаппай тәртіпсіздік фактілері бойынша қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды БЕЛТА агенттігі.
«Тергеу дерегі бойынша, 1 қарашада астанада рұқсат етілмеген жаппай іс-шара өтіп, қоғамдық тәртіпті өрескел бұзған жүздеген азамат ұсталды. Олардың әрекеті билік өкілдерінің талаптарына бағынғысы келмегенін көрсетті және салдарынан қоғамдық көлік пен ұйымдардың жұмысы бұзылды. Сондай-ақ қаланың инфрақұрылымдық нысандары мен ішкі істер қызметінің көлігі бүлінді», - деді Тергеу комитеті мүшелері.
Қылмыстық кодекстің 342-бабы 1-бөлігі бойынша қоғамдық тәртіпті өрескел бұзатын әрекетті ұйымдастыру және оған белсенді қатысу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Осы іс бойынша 231 адам күдікті деп танылып, олардан жауап алынды.
Құқыққа қайшы әрекетке қатысы бар басқа да адамдарды анықтау мақсатында тергеу және жедел-іздеу жұмыстары жүріп жатыр.
«Тергеу комитеті азаматтардан тағы сұрайды: жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырушылардың үндеуіне алданбаңыз, әрекетіңіздің салдарын ойлаңыз. Заңды бұзғандар жауапқа тартылады», - деп атап өтті мекемедегілер.