09 жел, 2024 сағат 16:50

«Өзі сұлу, өзі ақылды, өзі үздік»: талабы жоғары сұлулық байқаулары қыздардан робот жасамақ па?

Фото: novoetv.kz

Бүгінде қыз-келіншектерге түр-келбетіне, әлеуметтік статусына, шыққан ортасына қарамастан, білім алып, мансап құрып, мол табыс табуға жағдай жасалған. Десе де, мінсіз сұлулықты дәріптейтін «Әлем аруы», «Қазақстан аруы» деген сияқты байқаулар әлі де өзектілігін жоғалтпай тұр. Сұлулық байқаулары қоғамдағы әйелдің сыртқы келбеті мен сұлулық стандарттарына қалай әсер етіп жатыр? Ult.kz сұрақтың жауабын іздеп көрді.

Ерлерді бағалайтын байқаулар неге жоқ?

Феминистер сұлулық байқауларымен күресіп келе жатқанына жарты ғасырдың жүзі болды. 1968 жылы (АҚШ-та феминистік қозғалыс өркендеген кезде) Атлантик-Ситиде, мұндай байқаулар алғаш пайда болған қалада, 400 әйел сұлулық сайыстарына қарсы митингіге шықты. Наразылық білдірушілер: «Өз етінен пайда көргені оны сүйкімді ете ме?» деп ұрандатты, жаппай косметика мен бюстгальтерлерді қоқыс жәшіктеріне лақтырып, көшенің ортасында тірі қойға тәж кигізді. Бірақ  90-60-90 деген әлемдік стандарт өз дегенін жасауда.

Қыздар мінсіз дене бітімін аңсап, өздерін түрлі диеталармен қинайды, қартаю процесін мойындамай, әжімдерді тегістейтін инелер салғызады, бетінің томпақтығын азайтып, ерінінің томпақтығын арттырады, өз қасының орнына жасанды қас сызады. Бүгінде бұлар қарапайым косметикалық процедуралар, ал пластикалық отамен қабырғасын алдыртып, бөксесін арттыратындары қаншама. Осының бәріне теледидар мен жылтыр журналдардан насихатталатын мінсіз сұлулық стандарттарының кесірі жоқ емес. 

Фембике Әйгерім Құсайынқызы мұндай байқаулар әйелдерді адам ретінде емес, белгілі бір «стандарттарға» сай келетін сыртқы келбет арқылы бағалайтын объект/ зат ретінде көрсетеді дейді. Бұл гендерлік теңдікті орнату мақсатындағы прогреске қайшы.

«Әйелдің басты құндылығы – оның сұлулығы» деген стереотипті қолдап, әйелдердің рөлін шектейді. Қоғамда әйелдердің интеллектуалдық және көшбасшылық қасиеттері жиі көлеңкеде қалады. Мұндай байқауларда ер адамдарға ұқсас балама шаралар жоқ. Әлемде бар, бізде жоқ. Бұл әйелдерге қойылатын ерекше талаптардың жалғасы ретінде көрінеді. «Қазақ аруы» сияқты байқаулар белгілі бір этникалық және ұлттық стандарттарға сай келетін әйелдерді ғана насихаттайды. Бұл этникалық және мәдени көптүрлілікке қайшы келіп, ұлттық бірегейліктің шектелген түсінігін қалыптастыруы мүмкін», - дейді Әйгерім Құсайынқызы.


Сұлулығын емес, ақылын бағалаймыз

Елімізде өткізілетін «Қазақ аруы» байқауының басшысы Баян Мақсатқызы биыл қатысушы қыздарға талап өзгергенін айтты. Ол осы байқаумен заманауи қазақ қызы қандай болуы керек екенін көрсеткісі келген. 

«Биыл бұл сұлулық байқауы ғана болған жоқ. Мені қатысушылардың азаматтық позициясы қызықтырды. Кастингке келген қатысушыларға мынадай сұрақ қойдым: «Егер сен ауылыңның әкімі болсаң, ауылыңда нені өзгертер едің?» Егер ол бар салар едім десе, қош деп отырдым. Ал егер ол «мектеп салар едім, балабақшаны жаңартар едім, шетелден мұғалімдерді тартар едім, ауыл көшелерін жарықтандырар едім, барлық автобусты жаңартар едім, асфальт салар едім», десе, қатысушы ретінде қарастырдым. Яғни биыл олар тек өз дарындарын ғана емес, өз азаматтық позицияларын көбірек көрсететін болады», - деді Баян Мақсатқызы "Din Dina show" бағдарламасында


Фото: missqazaqstan.official

«Қазақстан аруы» байқауының PR-басшысы Гүлім Советқан да қазір байқаудың концепциясы, оның идеологиясы заман талаптарына сай өзгергенін айтады. Қазір «Қазақстан аруы» қыздардың дамуына, олардың әрі қарай өсуіне арналған алаң, деп отыр ол.

«Бұл жерде бағалау бар, әрине. Бұл жерде сырт келбеті ғана бағаланбайды, ішкі жан дүниесі, таланттары, білімі, өзін ұстауы, тағы басқа қырлары бағаланады. Өзіңіз байқасаңыз, қатысушылардың арасында чемпиондар, спортшылар, әрбір салада жетістікке жеткен қыздар бар. Ол қыздар тек модель емес, олардың негізгі кәсіптері бар, сондықтан оларды объект ретінде емес, керісінше оларды тұлға ретінде ашуға, тұлға ретінде дамытуға көмектескіміз келеді», - дейді Гүлім Советқан. 


Фембике Әйгерім Құсайынқызы мұндай реформаны тек қолдайтынын жеткізді. Әйелдер өзін көрсете алса, ұлттық мәдениет пен дәстүрді дәріптеуде өз үлесін қоса алса, қолдауға тұрарлық.

«Егер бұл байқаулар тек сыртқы келбетке емес, әйелдердің білімін, өнерін, көшбасшылық қасиеттерін насихаттауға бағытталса, олар қоғамдағы гендерлік теңдікті нығайту құралына айналуы мүмкін. Феминистік көзқараспен қарағанда, мұндай байқаулардың форматын қайта қарап, әйелдердің әртүрлі қырларын көрсететін, тең мүмкіндіктерді алға тартатын жаңа платформаға айналдыру қажет. Әйелдердің сұлулығын тек сыртқы келбетімен емес, интеллектуалды, рухани және азаматтық жетістіктерімен өлшеу – нағыз прогрессивті қадам болар еді», - дейді ол.


Ақылына қараймыз, әртүрлілікті насихаттаймыз десе де, кез келген сұлулық байқауы шын мәнінде біркелкілікті дәріптейді. Қатысушылардың әрқайсысы дерлік — ұзын бойлы, сымбатты, аяқтары ұзын, кірпіктері (жапсырма) ұзын, тістері мінсіз аппақ және бет пішіні симметриялы жас әйел. Олар денеге жабысып тұратын ашық көйлектер киіп, сыртқы келбеттің стандарттарына сәйкес келеді.

Психологтар не дейді?

Сұлулық байқаулары олардың көрермендерінен бұрын, қатысушыларының өзіне психологиялық тұрғыда теріс әсер етуі мүмкін екенін психолог мамандар жиі айтады. Батыс Вирджиния университетінің зерттеуі бойынша, жоғары бәсекелестік атмосферасы адамдарды өздерін басқалармен жиі салыстыруға итермелейді. Бұл өз кезегінде дене бітіміне деген наразылық, мазасыздық және психикалық бұзылулар тудыруы мүмкін. Әсіресе, жасөспірім қыздар осының ықпалына көбірек ұшырайды, өйткені олар қол жетпейтін сыртқы келбет идеалына ұмтылады және өздерін жеке тұлға ретінде емес, сексуалдық объект ретінде қабылдайды.

«Сұлулық байқауларына қатысудың ажырамас аспектілерінің бірі – физикалық тартымдылық. Қатысушылар заманауи көпшілік мойындаған белгілі бір сұлулық стандарттарына сай болуға тырысады. Бұлар – мінсіз дене пропорциясы, бет пішіні, сау тері және шаш. Осындай стандарттарға қол жеткізу үшін көптеген әйелдер диетаға отырып, спортпен шұғылданады, косметикалық процедуралар мен хирургиялық араласуларға жүгінеді. Алайда барлық күш-жігерге қарамастан, қатысушылардың бәрі бұл идеалдарға толығымен сәйкес келе бермейді. Бұл олардың сыртқы келбеті мен өздерін қабылдауы арасындағы қарама-қайшылыққа әкелуі мүмкін, бұл өз кезегінде өзіне деген сенімге теріс әсер етуі мүмкін», - дейді психолог Анар Жарылқапқызы.


Фото: Pexels.com

Сұлу болмаса да, артық салмағы болмасын

Алайда, адам сымбатты дене пішімімен бақытты дейтін эксперттер де бар. Бұл бірінші кезекте оның физикалық денсаулығының көрсеткіші дейді, эндокринолог Гүлжан Аманбай

«Адамға махаббат, ақша, сымбатты дене керек. Осы үшеуі түптің түбінде адамның денесінің саулығына байланысты, физикалық дене сау болмай, психика сау болмайды. «Дені саудың жаны сау» деп ата-бабамыз бекер айтпаған. Қанша медитация жасасыңыз да, егер сіз қозғалмайтын болсаңыз, дұрыс тамақтанбайтын болсаңыз, ұйқыңыз дұрыс боламаса, онда ешқашан көңіл күйіңіз көтеріңкі болмайды», - дейді дәрігер.


Артық салмақ ағзаның зат алмасу процесіне кедергі келтіріп, дене мүшелерінің дұрыс жұмыс істеуіне кедергі келтіреді дейді дәрігер.

«Неге біздің қоғамда қазір 70% адамда артық салмақ бар? Ал артық салмақтың себебі – ол артық тамақ, аз қозғалыс. Қалай дегенмен де, ауру – астан. Өркениет дамыған заманда қазір ештеңені қолмен істемейміз, қар күреп, сиыр саумаймыз, физикалық қимыл-қозғалыс жоқ. Соның салдарынан артық салмақ жиналып, қазір біздің мемлекетімізге, ұлтымыздың денсаулығына үлкен қауіп төніп тұр. Кез келген артық салмақтың салдарынан қант диабеті, қан қысымының жоғарылауы, инсульт, инфаркт, тіпті онкология өрбиді. Сол үшін ауызды тыйып, қозғалысты көбейтіп, артық салмақтан арылуға тырысқаны жөн. Адамның жасы өскен сайын салмағы артуы дұрыс емес, арық болуға тырысуымыз керек», - деген пікірде дәрігер. 


Қыздың сырт келбеті - оның ішкі жан дүниесінің көрінісі

Дәрігердің ойын Гүлім Советқан да қос қолдап қолайды. Айтуынша, "Қазақстан аруы" деген жиынтық образ. Оның сырт келбеті де, дене бітімі де, ақылы да, көркі де, бәрі бір-біріне сай болуы керек. 

«Қыздардың дене бітіміне қойылатын талаптардың ішінде бойы сәйкес келуі керек, яғни 165 см-ден жоғары, 18 жастан жоғары болуы керек. Басқа еш стандарт жоқ. 
Енді сырт келбетін қарамасақ та болмайды, өйткені ақылды қыз өзін күтуі керек екенін, өзіне, денесіне сыйластық дегеннің не екенін біледі. Сондықтан бұл жерде қыздардың сырт келбеті – бұл оның ішкі жан дүниесінің көрінісі», - деп қосты маман. 


Анара Бауыржанқызы