21 мау, 2018 сағат 12:11

Министрлік ҰБТ-ға 10 смартфонды алып өтпек болған балаға қатысты түсінік берді

Аталған жағдай Астанадағы тест тапсыру бөлімшесінде болған, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ұлттық тестілеу орталығының басшысы Рамазан Әлімқұловтың айтуынша, Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде бір бала тест тапсыруға он ұялы телефонды алып өтпекші болған. "Бірақ аталған құрылғылардың бәрі аудиторияға кіргенге дейін анықталды. Барлық телефондарды алып қойды. Тест тапсыру кезінде ол смартфонды пайдаланған жоқ. Енді, республика бойынша ұялы телефонды пайдаланудың бірен-саран жағдайлары болған шығар. Алайда ешкімді аудиториядан қуған жоқ. Бақылаушылар бірден ескерту жасап отырды", - деді Р.Әлімқұлов Астанада өткен баспасөз мәслиxатында.

Оның сөзіне қарағанда, ұлттық бірыңғай тестілеудің алғашқы күні бір адамның тест нәтижесі жойылды. "Ол жағдай оңтүстік өңірде болған. Мен аталған шешімнің себебін айтпай-ақ қояйын. Бірақ ондай жағдайлардың бір ғана себебі бар. ҰБТ-ны өткізу ережелері бұзылған жағдайда ғана тесттің нәтижесі жойылады. Ал мектеп түлегін аудиториядан шығарып тастайды", - дейді Р.Әлімқұлов.

Осы орайда орталық басшысы кейбір тест жауаптарының әлеуметтік желіде жарияланып жатқанына қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, бірен-саран жағдайлар бар. "Бірақ бізде мобильдік байланысты өшіретін құрылғылар істеп жатыр. Биылдан бастап барлық құрал-жабдықтар жаңартылды. Соның арқасында 4G сигналын толығымен басуға болады. Былайша айтқанда, мектеп түлектері тест тапсырмаларын фотоға түсіріп, желіге жібере алмайды", - деп атап көрсетті Р.Әлімқұлов.

Айта кетейік, бүгін ҚР Білім және ғылым министрлігі ұлттық бірыңғай тестілеудің алғашқы күні бойынша есеп берді. Оған сәйкес, екі мыңнан астам түлек шекті ұпайды жинай алмады.