24 қыр, 2018 сағат 13:26

Министр Сағадиев Айшолпанға қалаған университетіне түсуге көмектеспек

Бүгін Астанада ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев Моңғолиядан келген бүркітші қыз Айшолпан Нұрғайыпқызымен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кездесу барысында «Білім-Инновация» халықаралық қоғамдық қорының президенті Дархан Өте министрге Айшолпан туралы айтып берді.

«Айшолпан ең жас бүркітші ретінде «Оскар» сыйлығына ұсынылған қазақтың әйгілі бүркітші қызы. Әкесімен бірге құсбегілікпен жастайынан айналысқан. Осы соңғы маусымда бүркіті 12 түлкі, 2 қасқыр алған. Қызымыз сондай мықты. Біздің қазақтың бүркітшілеріне шеберлік кеңесін бере алатындай дәрежедегі құсбегі. Айшолпан туралы фильмді көріп отырып, оның «Қазақстанды көру арманым» деген сөзін естіп қалдық. Міне, сондықтан, Айшолпанды Қазақстанға алып келіп отырмыз. 3-4 күн бойы ол анасымен бірге Астананы аралап жүр», - деді ол.

 

Дархан Өтенің айтуынша, Айшолпанды АҚШ-тағы Оксфорд және Гарвард университеттері шақырған.

«Біз Айшолпанды «Spektrum» мектебінде оқытып, ағылшын тілін меңгеру деңгейі мен академиялық білімін көтерейік деп, ата-анасына екі жыл осында оқытуды ұсынып отырмыз. Ата-анасы шешім қабылдап, осы жерде оқытуды ойлап жатырмыз», - деді Дархан Өте.

Осы тұста министр Е.Сағадиев Айшолпаннан Қазақстанға келгісі келе ме, жоқ па деп сұрап көрді. Құсбегі қыз: «Иә», - деп жауап берді.

Ерлан Сағадиев Моңғолиядан келген меймандардан әңгіме барысында, Баян-Өлгей аймағында қанша қазақ мектебі барын сұрады. Атап өтілгендей, онда 7-8 қазақ мектебі жұмыс істейді. Бұл ретте ол Білім және ғылым министрлігі жыл сайын Моңғолияға оқулықтар жіберіп тұратынын айтып өтті. Сондай-ақ ведомство басшысы Айшолпан «Spektrum» мектебінде қалай оқитынын, осы жақта өмір сүруі қалай қамтамасыз етілетінін де білді.


«Гарвардқа оқу деген бір жағынан қиын. Менің өзім сонда оқығанмын. Бірақ, олар Айшолпанға бірнеше оқу бағыттарын береді. Сол бағыттардың арасында келешекте мамандығын таңдауына болады», - деді министр.

Ерлан Сағадиев қажетті көмек керек болса, Айшолпанға барынша көмектесуге уәде берді.

«Баспасөздің бетіне шығып, арнайы телеарналарға жариялау керек болып тұр. Өзіміздің балаларымыздың Моңғолия туралы білімін көтеріп, сол жақтағы қандастарымыз қалай тұратынын бүгінгі жас буынға көрсеткіміз келеді. Бізге бұл өте маңызды. Жыл сайын Моңғолиядағы қазақ балаларына оқулықтарды жіберіп отырмыз. Бірақ, ол жақтағы қазақ балаларын осында шақырып, көрсеткіміз келеді. Бізде ондағы қазақ балаларына жыл сайын грант бөлінеді. Көпшілігі Алматыға немесе Өскеменге келеді. Көпшілігі осында жұмыс істеп қалып жатыр. Өте қуаныштымыз. Керек болса Университетпен (Айшолпан түскісі келетін - авт.) өзім сөйлесемін», - деп түйді Ерлан Сағадиев.