01 қыр, 2021 сағат 11:57

Министр Райымқұлова жаңа оқу жылының басталуына орай кеңес өткізді


ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова білім беру ұйымдарын жаңа оқу жылының басталуына дайындау бойынша жұмыстың қорытындысын шығару жөнінде кеңес өткізді. Бұл туралы аталған министрліктің баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ведомство мәліметінше, кеңесте педагогтар мен қызметкерлердің, сондай-ақ білім алушылардың вакциналау қарқынының мониторингісі бойынша есеп тыңдалды. Осыған байланысты білім беру ұйымдарының, мәдениет және спорт мекемелерінің барлық басшыларына соңғы үш ай ішінде тұрақты медициналық қарсы көрсетілімі бар және COVID-19-бен ауырып жазылған қызметкерлерді қоспағанда, қызметкерлер мен кәмелетке толған студенттерді 100 пайыз вакциналауды қамтамасыз ету тапсырылды. 

Сондай-ақ Ақтоты Райымқұлова жоғары білікті мамандарды даярлаудың маңызды мәселесі – білім беру мекемелерінің материалдық-техникалық базасы екенін айтты. Бүгінгі таңда министрліктің қарауындағы барлық дерлік жоғары оқу орындарында, колледждер мен мектептерде жөндеу жұмыстары аяқталды. Дайындық 100 пайызды құрайды.

«Құрметті жоғары оқу орындарының ректорлары, мектеп, колледж және мектеп-интернаттарының директорлары, сіздер балалардың білім алуы үшін және тәрбиесі үшін қауіпсіз әрі қолайлы жағдай жасауларыңыз керек. Балалар мен қызметкерлердің денсаулығын қорғауды қамтамасыз етуде сапалы және тиімді жұмыстар атқаруға, сондай-ақ оқу-тәрбие процесін сапалы ұйымдастыруға міндеттісіздер», – деді Ақтоты Райымқұлова.

Сондай-ақ биылғы жыл еліміздің тарихындағы атаулы күндерге толы. Олардың қатарында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы, Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығы, Қажымұқан Мұңайтпасовтың 150 жылдығы, Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығы бар. Министр Отанымыздың тарихи жетістіктерін кеңінен ақпараттық насихаттауды дамытудың уақыты келгенін тілге тиек етті.

Кездесу соңында департамент басшысы министрлікке бағынысты ұйымдардың өкілдері қойған сұрақтарға жауап берді және жетекшілік ететін вице-министрлерге бекітілген нысандардағы эпидемиологиялық қауіпсіздік мәселелерін бақылауда ұстауды тапсырды.