25 нау, 2022 сағат 13:25

Министр мұнай тасымалдайтын балама жолдардың қуатын атады


ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақов орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде мұнай тасымалдайтын балама жолдардың қуатын атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мұнай тасымалының балама жолдары дегенде, біріншіден, Атыраудан Ресейдің Самар өлкесіне дейін баратын мұнай құбыры бар. Одан кейін Ресейдің жүйесіне қосылып, Қара Теңіз бен Балтық теңізіне дейін жетеді. Сол құбыр арқылы қазір 6,5 милионнан 7 млн тоннаға дейін қосымша мұнай жіберуге болады. Бірақ оның сапасы басқаша болады. Каспий құбыр консорциумында «CPC Blend» деген сапа стандартының мұнайы тасымалданады. Атырау-Самар құбыры арқылы тасымалдасақ, «Urals» стандартты мұнай болып шығады. Оның жеңілдіктері бар. Бірақ қазіргі мәселе ақшада емес, мұнайды орналастыруда болып отыр», - деді Болат Ақшолақов.

Сондай-ақ, ол Ақтау теңіз портының қуаттылығы бұрынғыдай емес екенін айтады.

«Екіншісі –Ақтау теңіз порты. Кезінде бұл порттың қуаты 12 млн тоннаға дейін кеңейтілген. Бірақ қазіргі уақытта шектеулі. Бұл порт арқылы 5 млн тоннаға дейін мұнай тасымалдауға болады. Әрі қарай Баку арқылы Қара Теңізге дейін жеткізуге болады. Ол жерден тұтынушыларға кемемен апара аламыз. Теміржолмен де мұнай жеткізуге болады. Бірақ, өкінішке қарай, бізде вагондар шектеулі болып тұр. Оның себебі көп. Қазіргі әлемдегі жағдай және ішкі нарықта да өте пайдалы тасымал құралы болып саналады. Сол себепті теміржолдың қуаттылығы Теңіз портына дейін жеткізуге ғана жетеді», - деді ведомство басшысы.

Оның айтуынша, Атасу-Алашанкоу маршрутының әлеуеті де шектеулі. Өйткені ресеймен арада бекітілген келісімшарттар бар.

«Алашанкоу бойынша айтсақ, 2017-2018 жылдары рейверс жұмысын бастап едік. Бұл өзі Ақтөбе облысынан Атырау облысына дейін баратын құбыр болатын. Қазір бұл Атыраудан Кеңқияққа дейін барады. Яғни, бағытын рейверс арқылы бұрғанбыз. Оның қуаттылығы қазір 6 млн тонна. Бұл құбыр мұнайды ішкі нарыққа жеткізуге бағытталған. Қазір Павлодар мен Шымкенттегі мұнай өңдеу зауыттарын жабдықтауымыз керек. Сол себепті бұл маршрутқа рейверс жасадық. Әрі қарай Атасудан Алашанкоуға дейін баратын құбырдың қуаттылығы –20 млн тонна. Қазіргі таңда 11,5 млн тонна тасымалданып жатыр. Оның көбі – 10 млн тоннасы Ресейдің транзиттік мұнайы. Кезінде біз келісімшартты ратификациялап, қол қойғанбыз. Қалған 1,5-2 млн тонна өзіміздің мұнай тасымалданады», - деді министр.