16 қаз, 2020 сағат 11:00

Министр мемлекеттік органдардағы цифрландыру кемшіліктерін атады

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин мемлекеттік органдардағы цифрландыру кемшіліктерін атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Басқа министрліктермен бірлесе экспресс талдау жасадық. Қазіргі кезде Денсаулық сақтау министрлігінде 50-ден аса ақпараттық жүйе бар. Біз олардың тек 24-ін ғана көрдік, қалған 28-і біз үшін белгісіз болды. Біз құзыретті министрлік ретінде олардың бар екенін білмедік. Мұндай сұрақ неден туындады? Біріккен IT-архитектура толыққанды жасалмаған, яғни ол жасалса да министрліктер оған сай жұмыс істемейді. Ведомство құрылымындағы ұйымдардың ішінде тиісті ақпараттық жүйелерді стандарттарға сәйкес емес жасайды, салдарынан олар бізге көрінбейді. Сол себепті дәрігерлер бірнеше жүйеде жұмыс істеуде. Әрине, бұл жағдай қызмет көрсету уақытын ұзартады», - деді министр цифрландыру тақырыбы бойынша Сенатта өткен Үкімет сағатында.

Сондықтан осы саладағы проблемаларды шешу үшін Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесе бірыңғай архитектура әзірленуде. 

Осы саладағы басты мәселе – ол платформаны қажетті деңгейде қосу. Барлық ақпараттық жүйені біріктіріп, жобаны торлыққанды іске қосу үшін Денсаулық сақтау министрімен тиіс келісім жасалды. Бұл тұрғыда дәрілік заттардың, төсек орындарының, денсаулық паспорттарының дерекқорлары құрылуда.

Оның сөзіне қарағанда, мемлекеттік органдарды цифрландыруда бірқатар проблемалар бар. Бұл бірінші кезекте IT мамандарының әлсіз кадрлары. 

«Сонымен қатар, қазіргі кезде маңызды проблемалардың бірі – ол мемлекеттік қызметтердің үлесін автоматтандыру үшін жарыс бар. Барлық күш-жігер сапаға емес, санға бағытталды», - деді Б. Мусин. 

Оның пайымынша, мемлекеттік органдарды цифрландыру проблемаларын жүйелі шешу үшін кадрлар мен біліктілік мәселесіне мән беру керек.

«Сегіз мемлекеттік органда цифрландыру бағытында дербес жауапты вице-министрлер бекітілді. Бірақ та олармен жұмыс атқаратын 500-ден астам адамның орташа жалақысы 150 мың теңгені құрап тұр. Олардың деңгейін де көтеру керек. Сондықтан біз цифрлық құзірет орталығын ашамыз. Онда жүйелік талдау, процестердің реинжинирингі, деректерді басқару және басқа бағыттарда осы қызметкерлердің біліктілін арттырамыз», - деді министр.