Білім және ғылым министрлігі мектептер кітапханалар үшін сатып алуы тиіс әдеби кітаптардың тізімін бекітетін болды. Бұл жайлы ведомствоның жалпы отырысында министр Асхат Аймағамбетов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Кітапханалардың жұмыс істеу тәртібін қазір біз өзгертіп, автоматтандырып, цифрландыруымыз керек. Мәселен 78 өңірде бірде-бір компьютер жоқ. ХХІ ғасырдағы ол не деген кітапхана? Оқу залдары балаларға ыңғайлы болуы тиіс. Мысалы, жаңадан ашылып жатқан мектептерді, халықаралық немесе жекеменшік мектептерге барып қарасақ, кітапханалары мүлде бөлек концепцияда. Қоңырау соғылған уақытта балалар сонда барып, кітаптарды алып, оқуға боларлық, қызығушылық тудырайтындай жасақталған. Ал біздің балалар кітапханаларға барып жатыр ма? Кітапханалардың жағдайы қандай? Көбінде тіпті жиһазы, компьютері де жоқ. Оны қойып, тиісті кабинеттері де жоқ. Оларда көркем әдебиет те жоқтың қасы. Сондықтан осылардың бәрін қамтитын, үлкен әрі ортақ жол картасын дайындап, қордаланған мәселенің бәрін тез арада шешуіміз керек», - деді Асхат Аймағамбетов.
Министрдің айтуынша, жалпы кітапханалар жүйесін «Оқулық» орталығы үйлестіреді. Ал негізінен ұйымдастырушы болып отырған Республикалық ғылыми-педагогикалық кітапхана 7 мың мектеп пен 900-ге жуық колледждің кітапханаларын, қажет жағдайда ЖОО кітапханаларында да ұйымдастыру жұмыстарын жүргізеді.
«Бізде Әдебиет және өнер институты мен Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты бар. Осы институттар ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп, жас ерекшелігіне қарай әр сынып бойынша ұсыныс енгізуі керек. Содан кейін біз Мәдениет және спорт министрлігімен ақылдаса отырып, тізім бекітуіміз (кітаптардың тізімін) керек. Осы балалардың жас ерекшелігіне байланысты қандай әдебиетті оқуы керек деген ұсыныстар болуы тиіс. Осы ұсыныстарды институттардан күтемін. Әрине біздің Ұлттық білім академиясы да осы жұмысқа атсалысады», - деді ол.
Министр жыл сайын мектептер көркем әдеби кітаптарды алып отыруы керектігін жеткізді.
«Біз тізімді бекіткеннен кейін мектептерге сол кітаптарды алуға міндеттейміз. Биыл бұл кітаптарды сатып алу жұмыстары басталды. Бірақ бұл жеткіліксіз», - деді Асхат Аймағамбетов.