Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова хел алдындағы есебі кезінде «Қазақфильм» акционерлік қоғамындағы жаңғырту жұмыстарының қалай жүріп жатқаны туралы мәлімет берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«2021 жылдан бастап Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» акционерлік қоғамында жаңғырту жұмысы басталды. Ол үш жыл бойы жалғасады. Жоба киностудияны техникалық қайта жарақтандыруды, инженерлік желілер мен ғимараттарға күрделі жөндеу жүргізуді, сондай-ақ түсірілім алаңын салуды және басқаларды көздейді. Аталған шаралар киностудияны өзін-өзі толық қамтамасыз етуге және заманауи кино фабрикасы ретінде жұмыс істеуге мүмкіндік береді», - деді Мәдениет және спорт министрі халықпен кездесу барысында.
Ол қазір пандемияға байланысты шектеулердің әсерінен түсірілім процесі тоқтатылғанын еске салды.
«Шектеулерге қарамастан, 2020 жылы демеушілік көмек есебінен нысанға көгілдір отын тартылды. Бұл шамамен 50 миллион теңгені үнемдеуге мүмкіндік берді. 2020 жылдың басынан бүгінгі күнге дейін «Қазақфильм» АҚ 65 халықаралық кинофестивальге қатысып, 32 сыйлыққа ие болған 27 фильм шығарды. Биыл 14 фильм жеті халықаралық кинофестивальге қатысты», - деді Ақтоты Райымқұлова.
Мәдениет министрі Ақан Сатаевтың «Томирис» фильмі 2020 жылы L'Еtrange Festival кинофестивалінде гран-при алуын отандық кино индусрияның жетістігі деп атады.
«Тәуелсіз Қазақстан тарихында тұңғыш рет «Томирис» фильмінде трюк ойнаған Nomad Stunts каскадерлік тобы әлемдік каскадерлер академиясының «Таурус» сыйлығын алды. ТМД-дағы Канн фестивалі сыйлығының жалғыз иегері қазақстандық актриса Самал Еслямова «НИКА» ресейлік ұлттық киножүлдесінде «үздік әйел рөлі» үшін марапатқа ие болды», - деп қосты Ақтоты Райымқұлова.