Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова əйелдер арасында шахматтан Азия чемпионы атанған Бибісара Асаубаеваны құттықтады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
"Сіз ес біліп, шахмат тақтасына қол созған төрт жастан бастап ұшқыр ой мен көз ілеспес жылдамдықты біріктірген спорт түрінің шебері екеніңізді паш етіп келесіз. Әр жетістігіңіз арқылы байтақ отанымыздың жас өрендерін адамзат тарихындағы ең ежелгі ойынның бірімен жақын таныстырып, кеңінен насихаттап жатырсыз. Алдағы уақытта да 64 шаршы арасындағы ақыл-ой арпалысында мерейіңіз үстем түсе берсін", - деп жазды Райымқұлова.
Сондай-ақ министр талай сында шын майталман ретінде Қазақстанның атын шығаруға тілек білдірді.
Бибісара Асаубаева əйелдер арасында Азия чемпионы атанды. Бұл туралы шахматшы әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады.
"Құрметті достар! Бүгін мен әйелдер арасында Азия чемпионы атағын жеңіп алдым! Бұл менің әйелдер арасындағы алғашқы маңызды атағым", - деп жазды ол.
Асаубаева 2004 жылы Тараз қаласында дүниеге келген. Шахматпен төрт жасынан бері айналысып келе жатқан ол жеті жасында ФИДЕ шебері атағын алған. 2017 жылы 14 жасқа дейінгі әлем чемпионы атанды.
Ол 2016 жылы азаматтығын өзгертіп, Мәскеу облысы шахмат федерациясының мүшесі болды. Алайда 2017 жылдың қарашасында ресейлік жаттықтырушы Евгений Соложенкин 13 жастағы Бибасараны электронды көмек құралдарын қолданды деп айыптады.
Сот Бибісара Асаубаеваның электронды көмек құралдарын пайдаланғанын жоққа шығарып, жала жабылды деген үкім шығарды.
2019 жылдың ақпанында шахматшының Қазақстанға оралуды ұйғарғаны хабарланды.