11 қыр, 2020 сағат 13:58

Министр Алексей Цой өзіне тұмауға қарсы екпе салдырады - Қожахметов

Алдағы дүйсенбіде Денсаулық сақтау министрлігінің басшылығы өздеріне тұмауға қарсы екпе салдырады. Бұл туралы аталған ведомствоның ресми өкілі Бағдат Қожахметов мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Елімізде тұмауға қарсы екпе 15 қыркүйекте басталады. Денсаулық сақтау министр Алексей Цой өзі бастаған бір топ министрлік басшылары Нұр-Сұлтан қаласындағы емхананың біріне барып, екпе алады», - деді Б. Қожахметов Орталық коммуникациялар қызметі.

Сонымен қатар ресми өкіл өзі де аталған екпені салдыратынын айтты. 

Бұдан бұрын хабарланғандай, елімізде тұмауға қарсы екпе мерзімнен екі апта бұрын басталады. 

«Яғни, әдеттегі мерзімнен екі апта ертерек. Бұл эпидемиологиялық маусымда туындайтын тұмау секілді ауруларға қарсы мықты иммунитет қалыптастыруға септігін тигізеді. Естеріңізге салайын, тұмауға қарсы екпенің күші 6 айдан 12 айға дейін сақталады. Маусымдық тұмауға қарсы халыққа екпе жасау үшін 5 мыңнан астам егу кабинеті дайындалды. Қосымша екпе салатын мамандар оқытылуда. 1 мыңнан астам семинар өткізілді. Нәтижесінде 7 мыңнан астам дәрігер мен 15 мыңға жуық кіші және орта буын қызметкер даярлықтан өтті», - деді Бағдат Қожахметов.