Қазақстандық, әлемнің 90-ракеткасы Михаил Кукушкин Мельбурндағы Murray River Open турнирін жеңіспен бастады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Қазақстандық теннисші алғашқы кездесуін әлемнің 81-ракеткасы, аргентиналық Хуан Игнасио Лондеромен өткізді.
Бірінші партияда Х.Лондеро 6:4 есебімен басым түссе, екіншісінде М.Кукушкин есе қайыра алды – 7:5.
Үшінші, шешуші сетті қазақстандық теннисші қарқынды бастап, 3:0 есебімен алға кетті. Ақыры ол матчты тағы бір брейкпен түйіндеді – 6:2.
Тартысты өткен бәсеке 2 сағат 18 минутқа созылды.
М.Кукушкин екінші айналымда әлемнің 18-інші, осы доданың 1-ракеткасы, швейцариялық Станислас Вавринкамен күш сынасады.