Алматы қалалық Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаев Орталық қалалық клиникалық аурухана қызметкерлерінің жаппай коронавирус жұқтыруына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Мен дәрігерлерді айыптай алмаймын. Алайда, егер қауіпсіздік шараларын дұрыс сақтанса, қызметкерлер жаппай жұқтырмас еді. Бұл - қаламыздағы ірі ауруханалардың бірі. Мұнда көбінесе пациенттер шұғыл жеткізіледі. Бізде науқастардың көпшілігі коронавируспен ауырғаны белгісіз өтті. Соқырішек, панкреатит, холециститпен ауырып түскен науқастарды COVID-19 жұқтырғандардан ажырату мүмкін болмады. Шұғыл стационар жағдайында жұмыс істеп жүрген қызметкерлер жұқтыруы мүмкін. Бұл жағдайда міндетті түрде терең эпидемиологиялық тексеру жүргізілуі тиісті. Сосын қала әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров бастаған комиссия шешім шығарады», - деді Т.Әбілдаев.
Оның айтуынша, қазір қаладағы барлық ауруханалар мен емханалар провизорлық емхана режимінде жұмыс істеп жатыр. Басқарма басшысы бұл оқиғаға өзінің де жауапты екенін жеткізді.
«Мен басқарма басшысы ретінде өзімнің де жауапты екенімді білемін», - деді ол.
Оның айтуынша, мұндай оқиға әлемнің барлық елдерінде болып жатыр.
«Қазір бұл инфекцияның өте жұқпалы екендігін Қазақстанда ғана емес әлем бойынша көріп отырмыз. Тіпті дамыған елдерде жай адамдардың да, медицина мамандарының да арасында жұқтыру тіркеліп жатыр. Біз өзімізге қажетті тәжірибе жинап жатырмыз. Болашақта бұл басқа инфекциялармен күресте септігін тигізбек. Менің ойымша, біздің дәрігерлердің біліктілігі арта түседі», - деді Тілеухан Әбілдаев.