16 мам, 2022 сағат 19:42

Танымал сазгер Димашқа "қайраткер" атағын бергендерді сынады


"Дос-Мұқасан" ансамбілінің негізін қалаушы әрі көркемдік жетекшісі, танымал композитор Мұрат Құсайынов қазақстандық әнші Димаш Құдайбергенмен қалай танысқанын айтып, жастарға қайраткер атағын беретіндерді сынға алды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Композитор "Менің өмірім" бағдарламасына берген сұхбатында Димашты 16 жасынан бері танитынын айтты.

"Шабыт" фестивалінде Димаш ән айтты. Сол кезде-ақ даусы керемет болатын. Өзі көрікті жігіт, дереу көзге түсті. Гран-приді соған бердік. "Айналайын, болашағың зор екен, сен жақсылап оқы, сахнаға шығуға асықпа" деп айтқаным рас. Талай концертте кездесіп жүрдік. Кейін Қытайда диапазонымен таңғалдырды. Көрермен деген у-шуды жақсы көретін халық, қаттырақ шыңғырсаң керемет әнші деп есептейді. Бізде көреалмаушылық басым, біреу алға шығып кетсе, аяғынан сүйрейді. Соны қоятын кез келді. Димаштың өзін мемлекет қолдауы керек. Димашқа арнап бағдарлама жасау керек", - деді Мұрат Құсайынов. 

Сонымен қатар, ол "Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері" атағын қазір екінің бірі алып кеткеніне наразы болды. 

"Мәдениет министрлігі біреу шықса болды, мадақтап, атақ бергеніне ғана мәз. Димашқа "Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері" атағын берді. Ол үлкен атақ. Ол менде ғана бар. "Дос-Мұқасанда". Оны 20-30 жыл қызмет етіп барып алуың керек. "Қайраткер" деген сөз өте жоғары. Оны екінің біріне бере береді", - деді композитор. 

Айта кетейік, Димаш Құдайбергенов 2019 жылы "Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері" атағын алған болатын.