09 жел, 2020 сағат 14:06

Мемлекеттік ЖОО-ларда эндаумент-қор құру мүмкіндігі пайда болды

Еліміздің мемлекеттік жоғары оқу орындарында эндаумент-қор құру мүмкіндігі пайда болды. Бұл жайында Сенат депутаттарының сауалына ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бүгінгі таңда 28 мемлекеттік жоғары оқу орны 100 пайыз мемлекет қатысатын коммерциялық емес акционерлік қоғам (бұдан әрі – КеАҚ) болып қайта құрылды. Биыл КеАҚ-қа Назарбаев Университетінің тәжірибесі бойынша басқарушылық дербестік берілді. Барлық КеАҚ-тың жарғылары бекітілді, Директорлар кеңестері құрылды. Олардың құрамына Білім және ғылым министрлігінің мемлекеттік мүлік, бизнес жөніндегі уәкілетті органның, сондай-ақ президенттік жастар кадры резервінің өкілдері кірді. Бұдан басқа, Назарбаев Университетінің тәжірибесі бойынша КеАҚ-та академиялық комитеттер, сапаны қамтамасыз ету жөніндегі комитеттер, институттар, мектептер және тағы басқалары құрылады. Бұдан әрі Директорлар кеңесінің стратегиялық жоспарлау, кадрлар және сыйақылар, ішкі аудит жөніндегі комитеттері бекітілетін болады», - деді Асқар Мамин. 

Үкімет басшысының пайымынша, бұл өзгерістер ЖОО-ның өз қызметінің нәтижелері үшін әлеуметтік жауапкершілігін арттыруға, мамандарды даярлау сапасын жақсартуға бағытталған. 

«Университеттер бюджеттен тыс қаржыландыру көздері есебінен ғылыми білім беру қызметі жөніндегі заңды тұлғаларды құра алады. Стартап компаниялар ашып, жарғылық қызметті жүзеге асыру үшін қосымша қаржы және материалдық қаражат көздерін тартады. Шет мемлекеттерде филиалдар құра алады. КеАҚ-қа көшкен соң университеттерде эндаумент-қор құру мүмкіндігі пайда болды. Оның инвестициялық табысы ғылыми және (немесе) білім беру қызметін қаржыландыруға, білім алушыларға, ғалымдарға стипендия төлеуге бағытталады. Қазіргі уақытта жоғары оқу орындары дамудың жаңа стратегиялық жоспарларын, ұйымдық құрылымын, штат санын және тағы басқаларын әзірлеп, бекітуде», - деді Премьер-Министр.