05 ақп, 2023 сағат 11:30

Қазақ тілі "кедейлердің, артта қалғандардың" тілі саналатын деңгейге жеттік – журналист


2009-2010 жылдары "Қазақстандық ұлт" туралы доктрина қабылданатын болып, оған ұлтшылдар қарсы шығып, Мұхтар Шаханов аштық жариялаймын деп, оны билік райынан қайтарып, ақыры доктринадағы "қазақстандық ұлт" деген сөзді өзгертіп қабылдаған болатын. Бұл туралы белгілі журналист Дина Имамбай Facebook парақшасында жазды.

«Айдос Сарым мен Дос Көшім, тағы басқа саясаттанушылар “бәрі керемет болады, 2020-жылға қарай тіліміз тұғырына қонады” деп сендірген сол кезде.

Сол доктринада айтылған "қазақстандық ұлт" қалыптасып, жаңа субэтнос пайда болды, негізі. Бұған кешегі диджитал-форум жуан нүкте қойды.    

Түрі қазақ, аты-жөні қазақ, бірақ қазақ тілін білмейтін немесе шала білетін және оны білуді маңызды санамайтын үлкен-кішісі аралас тұтас бір қазақстандық ұлт қалыптасып, үлкен сахнаға шықты.

Басқа небір жақсы бағдарламалар орындалмаса да, осы доктрина аяғына дейін жеткізілді, бір ғажабы. Сонымен, ұлттық бірегейлікті қалыптастыру дегеніміз азаматтық бірегейлік болып шықты», – дейді журналист.

Сондай-ақ ол қазақтың ұлттық идеясының орнына "қазақстандық ұлт" идеясы үстем болғанын, ұлттық идентификация мақсатты түрде жүргізілмегенін ашына жазды.

«Қазақ ұлты басқа ұлт өкілдерін ассимиляциялаушы бола алмады. Қазақ тілі біріктіруші фактор бола алмады, болғызбады. Мемлекеттік тіл мәртебесі істе емес, сөз жүзінде қалды. Бұл тіл "кедейлердің, артта қалғандардың" тілі саналатын деңгейге жеттік. Қазақ ғылымына қасақана балта шабылды. Ұлттық білім тұрпайы реформадан көз ашпады.

Салт-дәстүр Наурыз мейрамында ғана тамашалайтын экзотикаға айналды. Үйлену, тағы басқа тойларымыз шектен тыс заманауиланды.

Ауыл да - бұрынғы қазақтың ауылы емес. Айтыс импровизация емес, шоуға айналды. Дәстүрлі ән-күй дәстүрлі әншілер мен күйшілерге ғана керек болып қалды.

Енді нағыз қазақтар этнографиялық азшылыққа айналудың табалдырығында тұр. Отаршылардың 300 жылда соңына жеткізе алмағанын өзіміз-ақ жеткізетін болдық, неткен жетістік!

Сонымен, жаңа субэтностың төңірегіне шоғырланайық дейміз бе, не дейміз. Бір саясаткер айтқандай, "казахоязычным нет места в политике". Саясатта ғана емес, барлық салада солай ғой, расында», – деп жазды Дина Имамбай.